Ректор Президент Жолдауы туралы: Білім сапасы – басты назарда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Е.А. Бөкетов атындағы Қарғанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қатысты пікір білдірді. ҚазАқпарат пікірдің толық мәтінін жариялайды.

Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жайт. Үндеу барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте бізді, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамын бей-жай қалдырмайды. Өйткені, бұл әлемдегі өзгерістердің көбі біздерге байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған даму бағытының негізгі векторларын айқындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты.

Қ.К.Тоқаев Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантады. Осылайша, Президент жыл сайын Қазақстан ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға мың грант бөлуді ұсынды.

Мемлекет басшысы педагогтерді әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз. Мәселен, өткен жылы Қ.К.Тоқаев Үкіметке Педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, білім беру гранттарының саны едәуір артты, демек, педагогтердің қоғам алдындағы жауапкершілігі артты. Білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта оқытушылардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарлануда. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру және оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсер етері сөзсіз.

Жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымы Президенттің бастамаларын толығымен қолдайды және біздің ортақ болашағымыз бен ортақ тағдырымыз үшін осы бастамаларды жан-жақты насихаттауға, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға ықпал ететін болады.


Соңғы жаңалықтар