Рекордтық көрсеткіш: АҚШ-та жаппай атыс неге жиілеп кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылдың алғашқы айы Америка халқы үшін қайғылы оқиғаларға толы болды. Небәрі 30 күн ішінде елде 50-ден астам жаппай атыс-шабыс оқиғалары тіркеліп, соның салдарынан 90-ға жуық адам қаза болды. Өткен жылмен салыстырғанда, жаппай атыс оқиғаларының саны жағынан да, мерт болғандар саны жөнінде де рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Осыған байланысты, АҚШ президенті Джо Байден 24 қаңтарда Конгресті шабуылға арналған винтовкаларды тыйым салуға шақырды. Жалпы соңғы жылдары, әсіресе пандемия кезінде АҚШ-та жаппай атыс-шабыс салдарынан көз жұмғандар, жарақат алғандар саны күрт артқан. Осы орайда, елде қару қолдану туралы заң қалай жүмыс істейді, атыстардың себеп-салдары қандай, сонымен қоса ел билігі қандай шара қабылдайтыны жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Вашингтонда орналасқан Gun Violence Archive-тің дерегінше, 2022 жылы АҚШ-та 648 жаппай атыс болды, бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Мысалы, 2018 жылы елде болған атыс саны 336 болған еді. Биылғы небәрі бір айдың ішінде Америкада 51 атыс болған, яғни орта есеппен күніне бір оқиғадан да көп болып отырған. Мәліметтерге назар аударсақ, АҚШ-та күнде атыс, кейде тіпті бір күнде бірнеше жерде атыс-шабыс болып жатқанын байқауға болады. Биылдың өзінде 90-ға жуық адам қаза тапса, 180-нен астам азамат жараланған. Ал 2020 жылы қару қолдану салдарынан қаза тапқандар саны 45 мыңнан асқан.

Фото:АР

Жалпы жаппай атыс деп төрт немесе одан да көп адамға оқ ату немесе өлтіруді айтамыз.

Сарапшылар соңғы жылдары АҚШ-тағы атыстың көбеюін жеккөруші топтардың, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың артуымен байланыстырады. Сондай-ақ үш жыл бұрынғы коронавирус пандемиясы кезінде де атыс-шабыс оқиғаларының саны едәуір артқан. Содан бері атыс пен одан көз жұмғандар саны да көбейе түскен. 2019 және 2020 жылдар аралығында жаппай атыстардың жалпы саны жылына 417-ден 610-ға өскен. 2021 жылы 690 оқиға тіркелсе, өткен жылы 648 оқиға анықталған.

Қару туралы заң аясындағы пікірталас

2022 жылдың маусымында АҚШ Конгресінің Сенаты елдегі қару айналымын бақылауды күшейту туралы заң жобасын мақұлдады. Аталған бастаманы 65 сенатор (15 республикашыл, қалғаны демократтар) қолдады, Республикалық партияның 33 өкілі қарсы болды.

Кейіннен АҚШ президенті Джо Байден қару айналымын бақылауды күшейту туралы Заңға қол қойды. Ел президентінің айтуынша, бұл соңғы отыз жылда қабылданған ең батыл шешімдердің бірі болып отыр.

Аталған заң бойынша, қару сатып алатын жастарды тексеру жұмыстары күшейтіледі, сонымен қоса отбасында зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерлердің көпшілігіне бес жылға дейін қару сатып алуға тыйым салынады. Мұндай шаралар Штаттарға Қызыл Ту туралы заңдарды енгізуге мүмкіндік береді, бұл билікке қоғамға қауіпті деп танылған адамдардың қаруын алып алуды жеңілдететін болады.

Фото:© AFP 2019 / SCOTT OLSON / GETTY IMAGES NORTH AMERICA

АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (FBI) қару сатып алушы 21 жасқа толмаған болса, олардың жеке мәліметтерін қатаң тексеруге мүмкіндік алады.

Дегенмен жоғарыда атап өткендей, бұл заң жобасына көптеген республикашыл депутат қарсы шықты. Олардың айтуынша, аталған заң азаматтардың бостандығына қол сұғады. Өйткені конституцияда қаруды сақтау және алып жүруге рұқсат берілген. Алайда демократтар мен қаруды бақылауды жақтаушылар басқа шектеулермен бірге жартылай автоматты қаруға мүлдем тыйым салуды қолдап отыр.

Кейін Демократиялық партия басымдыққа ие кейбір штаттар қару-жарақ туралы заңдарды жақсарту шараларын қабылдады, ал республикашылдар басқаратын штаттар қару-жараққа қатысты шектеулерге қарсы шығып, мойындамауға әрекет жасаған.

АҚШ азаматтарында қанша қару бар?

Бүгінде Америкадағы жеке қару-жарақ санын есептеу қиын, өйткені елде адамдар өздерінің қару-жарақтарының бар-жоғын тіркейтін мәліметтер базасы жоқ.

АҚШ-тың Алкоголь, темекі, атыс қаруы және жарылғыш заттар жөніндегі бюросының есебіне сәйкес, американдық қару жасаушылар 2020 жылы 11 миллион бірліктен астам атыс-шабыс қаруын шығарды, бұл 2000 жылғы саннан үш есе көп. Ал Small Arms Survey ұйымының зерттеуі бойынша, 2018 жылы АҚШ-та 400 миллион бірлікке жуық атыс қаруы болған немесе 100 тұрғынға шамамен 120,5 қарудан келеді.

Бұл сан ел тұрғындарының санынан да көп екенін айта кету керек. 2022 жылғы дерек бойынша, АҚШ халқының саны – 333,2 млн адам.

АҚШ-тың қару-жараққа иелік ету деңгейі кез келген басқа елге қарағанда әлдеқайда жоғары: қаруға иелік ету деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған Йеменде 100 тұрғынға небәрі 52,8 қару бар, Исландияда – 31,7.

Массачусетс штаты Бостондағы Солтүстік-Шығыс университетінің Криминология және қылмыстық сот төрелігі мектебінің профессоры Джек МакДевитт БАҚ беттеріндегі сұхбатында қару қолдану арқылы жасалатын зорлық-зомбылық саны осыдан үш-төрт жыл бұрын азайғанымен, алайда соңғы жылдары оның қайта көбейіп кеткенін айтып, басқа да дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарау керек екеніне тоқталды.

«Біз қару қолдану арқылы жасалатын зорлық-зомбылықты азайтып, біраз ілгерілеу болған сияқты, бірақ соңғы үш-төрт жылда мәселенің қайта ушығып кеткенін байқап отырмыз. Шындығында, біз өзімізді қару сатып алу қиынға соғатын басқа елдермен салыстыруымыз керек. Мысалы, Ұлыбритания мен Жапонияда қару-жарақпен байланысты зорлық-зомбылық АҚШ-тағы ең қауіпсіз штаттарға қарағанда 10 есе төмен»,-деді профессор.

Фото: EPA

Бір айда 50-ден астам атыс оқиғасы тіркелген

Бүгінде заң бойынша атыс қаруын пайдалануға қатысты бірқатар өзгеріске қарамастан, ондағы қару қолдану, атыс салдарынан қаза тауып жатқандар саны көбейіп жатыр. Жоғарыда атап өткендей, биылдың өзінде АҚШ-та 50-ден астам жаппай атыс оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 90-нан астам адам қайтыс болды. Енді биылғы 30 күн ішінде болған ең ірі жаппай атыс-шабыс оқиғаларына назар аударып көрейік.

5 қаңтар күні АҚШ-тың Юта штатында белгісіз біреу 8 адамды атып тастады - олардың барлығы бір отбасының мүшелері, оның бесеуі - бала. Полицейлер қылмыскерді әлі ұстай алмай отыр.

16 қаңтар күні АҚШ-тың Флорида штатында Мартин Лютер Кинг күніне арналған шарада атыс болып, сегіз адам зардап шекті. CNN хабарлауынша, оқиға 16 қаңтар күні түстен кейін Форт-Пирстің Илус Эллис саябағында болған, ол жерде мыңнан астам адам, оның ішінде балалар да көп болған.

Фото: Nam Y. Huh/AP

23 қаңтарда Американың Айова штатындағы тәуекел тобындағы балаларға арналған мектепте жаппай атыс болып, салдарынан үш адам жарақат алған. Кейін олардың екеуі көз жұмды

24-26 қаңтар аралығында Калифорния штатында небәрі 44 сағат ішінде 3 жаппай атыс оқиғасы тіркеліп, салдарынан 19 адам көз жұмды.

Бірінші оқиға Лос-Анджелес маңындағы Монтерей саябағы маңында болды, онда 20 адам зардап шегіп, олардың 11-і сенбі күні оқ жарақатынан қайтыс болды. Атқан адам автоматтан 42 оқ атқан.

Билік тергеуді аяқтамай тұрып, дүйсенбі күні түстен кейін Калифорнияның солтүстігіндегі Халф Мун Бей ауылында тағы жеті адам атып өлтірілді. Құрбан болғандар фермада жұмыс істейтін иммигранттар болып шықты.

Дәл осы күні Бей-Арей аймағындағы Окленд қаласында 50-ге жуық адам болған музыкалық бейнероликтің түсірілімі кезінде атыс болды. Бірнеше адам әртүрлі бағыттан оқ жаудырды. Сегіз адам зардап шекті, олардың біреуі қайтыс болды, қалғандары ауруханаға жеткізілген.

Фото: Brian Cassella/Chicago Tribune/AP

23 қаңтарда Американың Айова штатында тәуекел тобындағы балаларға арналған мектепте жаппай атыс болып, салдарынан үш адам жарақат алған. Кейін олардың екеуі қайтыс болды.

29 қаңтар күні Лос-Анджелестің беделді ауданы Беверли-Хиллз жанындағы сәнді резиденцияда өткен кеште атыс болып, салдарынан үш адам қаза болған, ал төрт адам жараланды.

Қазіргі таңда жаппай атыс салдарынан өлім-жітімнің рекордтық көрсеткішке жетуі ел билігін алаңдатып отыр. АҚШ президенті Джо Байден 24 қаңтарда Конгресті шабуылға арналған винтовкаларды тыйым салуға шақырды. Бұл бастамаға республикашылдар қарсы.

Жалпы қорытындылай келе, АҚШ-тағы жаппай атыс-шабыс салдарынан қаза болып жатқандар саны көп екенін байқаймыз. Жыл басталғалы небәрі 30 күн ішінде жаппай атыс салдарынан 90-ға жуық адамның қаза табуы елдегі қару қолдану мәселесіне қатысты проблеманың ушығып тұрғанын көрсетеді.

Фото: Nam Y. Huh/AP

Басты фото:© AFP 2019 / Philip Pacheco


Соңғы жаңалықтар