Реформалар халықтың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына зор мүмкіндік береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық реформалар халықтың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына зор мүмкіндік береді. Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 маусым баршамыз үшін маңызды күн болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Өзгерістердің барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Өйткені реформалар халықтың талап-тілегіне арналған. Ел сеніміне ие болмай, «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Президент ұсынған реформалар стратегиялық маңызға ие. Екінші республиканы құру жолында біз адалдық пен әділетті болу қағидаларын қатаң ұстануымыз керек», - деді Г. Нұрымова.

Осы орайда ол алдағы басты қадамдарға тоқталды.

«Біріншіден, әр адамға тең мүмкіндік беріледі. Яғни, жасанды монополияға жол берілмей, халық арасында шынайы бәсекелестік артатын болады. Сонымен қатар, әкімдер сайлауын енгізу мәселесі де халықтың көңілінен шығып отыр. Бұл әкімдер сайлауы былтырдан бері елімізде тәжірибеге енгізілді», - деді депутат.

«Тағы бір маңызды өзгеріс аясында Мемлекет басшысы жақындарын басшылық қызметтерге тағайындауға шектеу қоюды ұсынды. Бұл дегеніміз, өз өкілеттіктерін қысқартып, мемлекетіміз суперпрезиденттік басқарудан мықты Парламенті бар президенттік жүйеге көшеді деген сөз. Осы ретте Парламенттің рөлі күшейіп, депутаттарды сайлау жүйесіне де өзгерістер енгізілмек. Мысалы, Мәжіліс немесе мәслихат депутаты сайлауына қатысу үшін партия мүшесі болу міндетті болатын. Ендігі кезекте, міндетті түрде партияға мүше болмай, депутаттыққа сайлауға үміткер ретінде қатыса алады. Жалпы конституциялық реформалар халықтың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына зор мүмкіндік береді», - дейді Гүлдара Нұрымова.


Соңғы жаңалықтар