Референдумнан кейін Қазақстанды не күтіп тұр – плебисцит жайлы бес сұрақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдум еліміздің қоғамдық–саяси өмірінде 2022 жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі болғаны сөзсіз. Онда халқымыздың басым бөлігі Конституциямызға өзгерістер енгізуді жақтап дауыс берді. Осы оқиғадан соң елде қандай өзгерістер болды? ҚазАқпарат сарапшысы өз материалында Референдум жайлы ең өзекті бес сұраққа жауап беруге тырысты.

1. Референдум деген не?

Референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Референдумға Конституцияны, конституциялық заңдарды, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтыру енгізу, Республиканың өзге де маңызды мәселелері шығарылуы мүмкін. Референдумда 18 жастан асқан әр азамат дауыс беруге құқылы. Азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді. Референдум республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды. Сондай-ақ дауыс беретiн нысанда көрнектi жерде референдумға қойылған Конституция, оған енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың мәтiнi iлiнуге тиiс.

2.Қазақстан тарихында неше референдум болды?

Тәуелсіз Қазақстанда осы уақытқа дейін үш референдум өтті. Алғашқы референдум 1995 жылдың 29 сәуірінде өтті. Ол кезде дауыс беруге Қазақстан президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі шығарылған еді. Одан кейінгі конституциялық референдум 1995 жылы 30 тамызда өтті. Онда қазіргі қолданыстағы Ата Заң қабылданды. Ал Қазақстан тарихындағы үшінші референдум биыл маусымда ұйымдастырылғанын бұған дейін жоғарыда атап өттік. 2022 жылы 29 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды. Ел өміріндегі аса маңызды референдум туралы жарлық 5 мамырда жарияланып, ал тура бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 5 маусым күні өткізілді.

3.Референдумнан кейін Ата Заң қалай өзгерді?

Референдум арқылы Конституцияның үштен бірінеғ яғни 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Ең негізгі өзгерістерге тоқталсақ, олар:

- Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға көшті;

- Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынды;

- Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болды;

- Қазақстандықтар тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алады;

- Қазақстанда өлім жазасы болмайды;

- Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;

- Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар болмайды;

- Императивтік мандат сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.

4.Референдум нәтижесі қандай болды?

Орталық референдум комиссиясының деректеріне сүйенсек, 5 маусымда ел Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдумда дауыс беруге барлығы 7 985 769 қазақстандық қатысқан екен. Ол сайлаушылардың 68,05 пайызын құрайды. Соның ішінде олардың 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам өзгерістерді қолдап дауыс берді.

Референдум қазақстандықтардың мемлекеттің саяси архитектурасын қайта қалыптастыруды, билік тармақтары арасында тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесін құруды, мемлекет дамуының жаңа бағытын, Жаңа, Әділетті Қазақстанды қолдайтынын көрсетті.

5. Қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеу жолдады. Ол Референдум нәтижесінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын айтты. «Соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастайды. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің басты байлығы – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар екенін атап өтті. Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжілістің отыз пайызы, облыстық мәслихат депутаттарының жартысы, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар