Референдумға қатысатын қазақстандықтардың тізімі жасақталып жатыр
2022 жылғы 12 мамыр 12:11

Референдумға қатысатын қазақстандықтардың тізімі жасақталып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 маусымда өтетін референдумға қатыса алатын азаматтардың тізімі жасақталып жатыр. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Референдум – бұл Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі бойнша бүкiлхалықтық дауыс беру рәсімі. Аталған рәсім мемлекеттің неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердi қабылдауға қатысты өткізілуі мүмкін. Конституцияның 91-бабына сәйкес оған түзетулер енгізудің 2 жолы бар. Бірі республикалық референдум немесе Парламент арқылы. Президент бірінші жолды таңдады. Өйткені, дәл осы жол демократиялық институттардың дамуын көрсетеді. Референдумға кәмелет жасына толған барлық азамат қатыса алады. Бүгінде орталық сайлау комиссиясы референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасақтап жатыр», - деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, биыл 5 маусымда ҚР Конституциясына бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Референдум нәтижесімен 17 өңірдің 11-і жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізілетін болады.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT