Референдумда келер ұрпақтың да тағдырына әсер ететін келелі шешімдер қабылданады - Досаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 5 маусымда өтетін республикалық референдум – соңғы 27 жыл ішінде тұңғыш рет өткізілетін, тарихи мәні зор, ел өміріндегі елеулі оқиға. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің айтуынша, референдум дегеніміз - зайырлы, құқықтық мемлекет үшін маңызды өзгерістерді халықпен кеңесе отырып шешу.

«Осынау бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясына енгізілетін іргелі өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынбақ. Конституция – ел өмірінің барлық саласын қамтып, мемлекеттіліктің негізін, қоғамдық қатынастардың өзегін реттейтін басты заң, ерекше ұстын болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістерді көп болып талқылау, кеңесе отырып ортақ шешім қабылдау – айрықша маңызды», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Ерболат Досаев бұл референдумнан еліміздің ешбір азаматы қалыс қалмауы керек екенін атап өтті.

«Мұнда халықтың бүгінгі өмірі ғана емес, ертеңгі ұрпақ, келер буынның да тағдырына тікелей әсер ететін келелі шешімдер қабылданбақ. Еліміздің болашағына, қоғам өміріне бейжай қарамайтын барша азамат, қаламыздың тұрғындары осынау маңызды шараға бір кісідей атсалысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Өйткені, бұл – азаматтық ұстанымымыздың көрсеткіші, елдігімізге сын. Ендеше, әрқайсымыз межелі күні аталған шараның басынан табылайық», - деді Ерболат Досаев алматылықтардың алдында.


Соңғы жаңалықтар