Референдумда бюллетень толтыратын кезде нені ескеру керек - ОСК өкілі түсіндірмесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров референдумда бюллетеньді толтыру кезінде ескерілетін басты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюллетеньнің өзі, мәтіні мен формасы бекітілді. Бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуы тиіс. Әр адам оны жеке толтырады. Дауыс беру кезінде азамат өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қояды. Бір сұрақ пен жауаптың екі нұсқасы болады. Осы орайда бір белгіні қою керек, яғни осының бәрі түсінікті түрде қойылғаны абзал», - деді Константин Петров елордада Орталық референдум комиссиясының отырысында.

Оның айтуынша, бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Толтырылған бюллетень дауыс беруге арналған жәшікке салынады.

ОСК мәліметіне қарағанда, тиісті учаскеде Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен дауыс беру уақыты өзгертілмесе, дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат жиырмада басталады. Сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты санау басталғаннан бастап он екі сағаттан аспауы тиіс.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 10 013 референдум учаскесі іске қосылады.

Орталық референдум комиссиясы бюллетеньдерді дайындауға қатысты қаулы қабылдады.


Соңғы жаңалықтар