Реанимациядағы сәбилер, ревакцинация – инфекционист-дәрігер брифингіде не туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакцина алып, коронавирусқа шалдығудың және екпе алмай ауырудың айырмашылығы қандай? Қазақстанда ревакцинация қашан басталуы мүмкін? Індет салдарынан сәбилердің реанимацияға түсіп жатқаны рас па? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жоғары санатты инфекционист, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Атығаева осы сауалдарға толыққанды жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ревакцинация. Әлем бойынша ортақ пайым жоқ

БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, инфекционист маман ревакцинация туралы қазір әлемде түрлі пікірлер мен пайымдар бар екенін айтты. Бірі ол вакцинаның үшінші компоненті түрінде егілуі керек десе, тағы бір топ әр адамға ағзасындағы антидене санына қарай вакцина тағайындау керек деген ұстанымды алға тартып отырған көрінеді. Маманның айтуынша, елдегі ғылыми орта да бұл мәселені тақылап жатыр. Ал Израиль халықтың 60-тан асқан санатын қайта вакциналау туралы шешім қабылдаған.

«Әлем бойынша бір ортақ пайым жоқ. Менің ойымша, халықтың көп бөлігі вакцина алғанын ескерсек, негізінен медицина қызметкерлері екпенің бірінші компонентін – ақпан айында, екіншісін – наурыздың басында алды. Сонда күзге қарай алғаш болып екпе алғандардың арасынан кейбіріне ревакцинация қажет болуы мүмкін. Бұл мәселе қазір қызу талқыланып жатыр. Дәрігер болғандықтан біз де иммунитетті сақтауымыз керек. Жақында бұл сұраққа нақты жауап аламыз деп ойлаймын», - деді дәрігер.

Медицина ғылымдарының кандидаты жалпы практикада ревакцинацияның алғышарттары қалай анықталатынын да түсіндірді.

«Ол үшін халықтың иммундық деңгейі, инфекциядан кейінгі және вакцинациядан кейінгі иммунитеттегі қайшылықтар зерттеледі. Ауырған адамдар мен вакцина алған адамдарда антиденелердің деңгейі қаншалықты жоғары әрі ұзақ сақталатыны қадағаланады. Иммунолог, вирусолог, инфекционист мамандар осының бәрін талдайды. Сол талқылаулардың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне халықты қайта вакциналау қажеттілігі немесе қажет еместігі туралы ұсынымдар береді», - деді инфекционист.

Вакцина алған науқас пен екпе алмаған науқастың айырмашылығы қандай?

Жұқпалы аурулар маманы вакцина алып барып аурыу мен екпе алмай жүріп сырқаттанудың айырмашылығын жіліктеп тұрып түсіндірді.

«Шынында да, науқастар арасында вакцина алғандар бар. Әзірге олардың үлесі өте төмен. Стационарға түскендер тіпті, саусақпен санарлық. Вакцинациядан кейін науқастар вирусты орташа ауыр өткізеді. Өкпенің зақымдануы да минималды – 4, 5, 10% ғана. Олар реанимацияға түспегенін де айту керек. Стационарда емделу мерзімі де екпе алмағандарға қарағанда әлдеқайда қысқа», - деді маман.

Сондай-ақ, ол вакцина алып, қайта вирус жұқтырғандардың көбі антидене қалыптаспай жатып вирусқа тап келгендер екенін түсіндірді.

«Егер вакцина алғаннан кейін екі-үш апта ішінде ағзаға вирус түссе, инфекция өршуі мүмкін. Вирус шырышты қабықтардан өкпе тініне, сол арқылы басқа органдар мен жүйелерге енуі ықтимал. Сондықтан әр жағдайды жеке зерттеу қажет. Әдетте, біз өз клиникамыздың деңгейінде зерттеу жүргізген кезде, вакцинадан кейін ауырып жүгінгендердің көбі 3, 5, 10 күн бұрын ғана екпе алғанын байқап отырмыз. Стационарға осындай науқастар түседі. Иә, вакцина алған адамдар да ауыруы мүмкін. Бірақ олар жеңіл түрде ауырады. Вакцина - сырқаттың ауыр өтуінен қорғап, өлім-жітімнің алдын алады. Бұл - өте маңызды» - деді Сәуле Атығаева.

Вирус штамы құбылған сайын құрбандары «жасарып» келеді

Елордадағы эпидахуалға тоқталған Сәуле Атығаева жасқа толмаған балалардың өзі коронавирус салдарынан реанмаиця түсіп жатқанын, 25-тегі жап-жас адамдар реанимация тқсегінен тұрмай қалып жатқанын айтып, қазақстандықтарды екпе алуға шақырды.

«Күн сайын бірнеше адамнан айырылып отырдық. Бүгінгі статистика да оңып тұрған жоқ. Бір тәулікте Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясы расталған 149 адам қайтыс болды. Олардың бәрі вакцина алмаған. 149 адам дегеніңіз бес қабатты, төрт подьезді үйдің тұрғын саныман шамалас. Бір тәулікте тұтас бір тұрғын үйдің адамы қайтыс болды деген сөз. Бұлай кете берсе, әлі бір күнде бір ауылдан, кейін бір шағынауданның халқына тең адамнан айырыламыз. Ол біреудің ата-анасы, біреудің баласы болуы мүмкін», - деді инфекционист маман.

Дәрігер індетпен реанимацияға түскендердің арасында тіпті жасқа толмаған сәбилердің бар екенін еске салды.

«Елордада бір жасқа дейінгі, балабақша жасындағы балалар реанимацияға, өкпені жасанды желдету аппараттарына түсіп жатыр. Біз 60-тан асқан науқастардың көз жұматынына бой үйрете бастаған сияқтымыз. Қазір 20-25 жастағы науқастар да реанимация төсегінен тұрмай қалып жатыр. Бұл өте қорқынышты, әсіресе балалар қауіпке душар», - деді Сәуле Атығаева.

Дәрігер 1,5 жыл ішінде коронавируспен үш рет ауырып үлгергендер бар екенін айтады.

«Қазақстанда коронавирус пайда болғаннан бері, яғни 2020 жылдың наурыз айынан бері 1,5 жыл өтті. Осы кезеңде стационарға коронавируспен үшінші рет ауырып адамдар жүгінген жағдай болды. Әр кезекті сырқат алдыңғысынан әлдеқайда ауыр жүрген», - деген инфекционист кей адамдарда вирусқа қарсы антидене неліктен қалыптаспайтыны түсіндірді.

«Бастапқы және қайталама иммун тапшылығы бар науқастар инактивтендірілген вирусқа да, вирустың РНҚ-бөліктерінен жасалған вакцинаға жауап қата алмайды. Негізінен, бұл созылмалы сырқатпен жиі ауыратын және соның салдарынан дәріні көп ішетін адамдарда немесе иммун тапшылығын тудыратын емдеу әсеріне түскен адамдарда кездеседі. Осы санаттағы адамдардың ағзасы антиденелер шығармайды. Сондай-ақ, вакцина алған адамдардың 5%-ы аурудың қоздырғышына қарсы ешқандай антидене шығармайды», - деп түсіндірді Сәуле Атығаева.

Соңғы жаңалықтар