Райымжан Мәрсеков Жапонияға Алашорданы қарумен қамдауды сұрап үндеу жолдаған – Уяма Томохико
2022 жылғы 25 мамыр 11:05

Райымжан Мәрсеков Жапонияға Алашорданы қарумен қамдауды сұрап үндеу жолдаған – Уяма Томохико

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алаш арыстарына большевиктер таққан ауыр айыптың бірі Жапония мүддесіне тыңшылық етті дегенге саятынын тарихтан білеміз. Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Уяма Томохиконың Райымжан Мәрсеков пен Жапония сыртқы істер министрлігінің арасында байланыс туралы баяндамасын тыңдап отырып, сол кездегі орыс билігінің қазақ-жапон қарым-қатынасынан неге сонша қорыққанын түсінгендей болдық. Осы тұсты тарқатып айтсақ.

Райымжан Мәрсековтің Владивостоктағы сапары

Халықаралық түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен «Әуезов, Алаш және Күншығыс елі» атты zoom-конференцияда жапон ғалымы ғылыми жаңалыққа толы баяндама жасады.

Жапон тарихшысы Рёсукэ Оно мен Уяма Томохико Райымжан Мәрсековтің 1919 жылдың қаңтарында Жапония Үкіметіне жолдаған үндеуіне талдау жүргізген екен. Ол үндеуде алаш қайраткері Жапониядан Алашорданы мойындап, көмек көрсетуін сұраған. Ғалымның айтуынша, Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінде осы үндеумен байланысты өзге де құжаттар бар. Ол құжаттарда Мәрсеков қазақтардың келешекте іргелес мұсылман халықтарымен бірге тәуелсіз мемлекет құруға ниетті екенін айтып, Алашорданың Париж бейбітшілік конференциясына қатысу жоспары бар екенін жеткізген. Зерттеушінің пайымынша, Алашорданың сол кездегі ресми ұстанымы Ресей федералдық мемлекетінің құрамында бола жүріп, елдегі өзге де саяси күштермен бірге автономия құру болған. Сөйте тұрып, Жапония арқылы өздерін халықаралық деңгейде мойындауды сұрап, келешекте тәуелсіз ел құрудан үмітті екендерін білдіргенін дәлелдейтін құжаттардың табылуы Алашорда тарихының принципиалды тұрғыда жаңа қыры болмақ.

Нақтырақ айтсақ, 1918 жылдың көктемінде-ақ алашордашылар Башқұрт автонмиялық үкіметімен бірге Жапониямен байланыс орнатудың жолдарын іздей бастаған. Осылайша Мәрсеков Владивостокқа барып, бас консулдық арқылы жапон үкіметіне үндеу жолдайды.

1918 жылдың қарашасы Алашорда үшін сын сағаты еді. Уақытша үкімет өңірлік үкіметтерді таратуды ұйғарып, адмирал А.В.Колчак орталықтандырған қуатты билік құру үшін төңкеріс жасайды. Уяма Томохиконың айтуынша, бұл Алашорданың әрі қарайғы өміріне қауіп төндіретін жайт болатын. Ал жапон армиясы мен үкіметі қазақтар туралы там-тұмдап мәлімет жинай бастағанымен, тығыз байланыс орнатуды жоспарламаған екен. Өйткені қазақ даласы Жапонияның мүддесінен тыс аумақта жатқан көрінеді. Оның үстіне Райымжан Мәрсеков Владивостокқа барған кезде жапон үкіметі Колчакты қолдау туралы шешім қабылдап қойған еді. Сондықтан Мәрсековтің Колчак үкіметін айналып өтіп, Алашорданы қарумен қамдау туралы өтініші қабылданбай қалады.

Ендігі сөзді жапон ғалымының өз аузынан берейік.

«Бұл таныстырылымда мен Райымжан Мәрсековтің Жапония үкіметіне Алашорданы мойындауды сұрап 1919 жылы жолдаған үндеуінің қысқаша мазмұнын баяндамақпын. Өздеріңіз білетіндей, Алашорданың сыртқы саясаты туралы мәлімет бүгінге дейін әлі там-тұм ғана болып келді. Бұл құжат Алашорданың сыртқы саясаты туралы мәліметтерді кеңірек ашып, Жапония тарапының оған деген қатынасын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл құжаттар Жапонияның Сыртқы саясат тарихының мұрағатында сақтаулы.

Түпнұсқадан да құнды аударма

Өкінішке қарай, бұл құжаттың жапонша аудармасы ғана сақталған. Ал орыс тілінде жазылған түпнұсқасы жоқ.

Қысқартып айтсақ, бұл хатында Мәрсеков қазақ ұлтының тұрмыс-салт тарихын, олардың Алашорданы құрып, Түркістанмен, Башқұрт елімен одақтастық қатынас орнату саясаты қалай қудаланғанын сипаттайды. Мәрсеков бұл ретте Қазақстан түркістандықтармен, башқұрттармен бірлесіп большевиктерді ығыстыра алар еді деген пікірін алға тартқан. Бірақ бұған қолда қарудың болмауы, ашаршылық пен эпидемия кедергі келтірді. Сондықтан Мәрсеков Жапониядан азық-түлік, медикаменттер мен қару-жарақ беруді сұрайды. Сондай-ақ, Алашорданың дербестігін мойындап, өзге елдерді де осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінеді. Бұл аударманың ішінде нақты тәпсірлеу қиынға соғатын кейбір тұстар бар. Әсіресе «тәуелсіздік» деген мағынада аударылған сөз жиі кездеседі. Құдды бір Алашорда сол кездің өзінде тәуелсіз елдің тәуелсіз үкіметі сияқты жазылған. Бірақ Мәрсеков ол мәтінде шынымен де «тәуелсіздік» сөзін пайдаланды ма, жоқ па, ол жағын нақты бағалау қиын. Бұл жерде жапон шенеуніктері мен офицерлері «тәуелсіздік» пен «автономия» сөздерін ажырата алмағанға көбірек ұқсайды. Содан нақты аударма жасай алмаған болуы мүмкін. Одан кейінгі құжаттан да бұл аудармада «автономия ретінде даму» және «тәуелсіздік» ұғымдары дұрыс аударылмағанын көруге болады. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде сол кезде Алашорда өкілдерінен бөлек Жапониямен келіссөз жүргізіп жатқан Колчак үкіметін бір де бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің бастығы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның сыртқы істер министріне жетекхат жазған. Сол хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапония вице-консулымен әңгімелескені айтылады. Осы әңгімеде Мәрсеков Алашорданың автономия жариялағанын, келешекте көршілес, діні бір халықтармен бірлесіп үлкен тәуелсіз мемлекет құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті. Мәрсеков онда қаруды Қытайдың Шәуешегі арқылы айналма бағытпен жіберуді сұрайды. Бұған да жол жоқ деген жауап айтылады.

Саяси департамент бастығы хатының соңында Мәрсеков сенімге лайықты тұлға ма, жоқ па, қазақ халқының атынан сөйлеуге өкілетті ме, ол жағы белгісіз болып отырғанын әрі ондайды анықтау өте қиын екенін жеткізеді. Бірақ Мәрсековтің қазақтардың өкілетті тұлғасы екені дәлелденсе, сұраған оқ-дәрі мен медикаменттерді беру жағын да ойластыру керектігін, бұл қазақтардың сеніміне ие болу үшін қажеттігін атап өтеді.

Ал Жапония Сыртқы істер министрінің жауабы қысқа болған. Ол Жапония үкіметі қазақтардың пұшайман күйі мен тығырықтағы жағдайына жаны ашитынын, әзірге қару мен медикамент жеткізуден тартына тұру керектігін жазған. Бұл қысқа жауап айтарлықтай кеш жолданған. Владивостокқа жауап хат келген кезде Мәрсеков ол жақтан кетіп қалғанға ұқсайды.

Әлімхан Ермековтің дұғай сәлемі

Тарих мұнымен бітпейді. Жапон офицерлері өз беттерімен қазақтар туралы мәліметтер жинауды үдете түскен. Тіпті біреуі қазақтардың саяси оянуы мен газеттері туралы очерк жазды. Бір капитан Иркутск қаласында Әлімхан Ермековпен кездесіп, Колчак үкіметінің ішіндегі ахуал туралы мәлімет алған. Тағы бір аты аталмаған қазақтардың өкілі Жапонияның Омбыдағы консулына кіріп, Мәрсековтің үндеуіне жауап беруді сұрайды. Яғни, қазақтар тарапына Жапонияның жауабы жетпеген болып тұр. Ол консул да бұл туралы ештеңе білмеген. Бірақ Жапония Ресейдің ішкі істеріне араласа алмайтынын айтқан. Ал қазақтардың өкілі жапон бауырларымен тығыз байланыс орнатқысы келетінін, сосын Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып береді. Әрі қарай олардың арасында қызықты келісім болады. Консул айтарлықтай оптимистік тұрғыда Ресей саясаткерлері бұрынғыдай автократиялық саясат жүргізу енді мүмкін емес екенін түсінуі керектігін, автономиялық республикалар мойындалатынын айтады. Ал қазақтардың өкілі орыстардың большевизмге әуес екенін, тіпті большевиктерді қуып жіберу мүмкін болмағанның өзінде орыс халқын автократиядан басқа жолмен басқару қиын болатынын қарсы уәж етіп айтады. Қазақтар өздеріне қатысты құрметсіздік пен қудалау саясатынан құтылу үшін автономия мен тәуелсіздік керектігін жеткізеді.

Осы жылдың мамыр айында қазақ тау-кен инженері Әлімхан Ермеков жапон тарапына қазақтардың моңғолдармен бірге (осы тұста ғалым «Ресей құрамындағы бурят халқы» деп түсіну керектігін ескертті—ред) тәуелсіздікті жариялауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат береді. Сондай-ақ жуықта елші (аталған адам есімінің нақты кім екенін анықтау мүмкін болмады – ред.) жіберіп, Моңғолия арқылы Жапониядан қару мен әскери көмек алуға ниетті екендерін де айтады. Бірақ жапон әскербасылары бұл мәліметті жеткізуші адамға (аталған адам есімінің нақты кім екенін анықтау мүмкін болмады – ред.) мұндай істерге араласпау керектігі туралы ескерту жасайды.

Түйіндей айтқанда, жалпы Алашорда Жапониямен қарым-қатынас орната алмаған. Бірақ құжаттарға сүйене отырып, алашордашылардың жапон үкіметімен тығыз байланыс орнатып, басқа елдерден де Алашорда үкіметін мойындауды сұрауды жоспарлағанын, Париж бейбітшілік конференциясына қатысуға ниетті болғандарын біле алдық. Алайда Жапония үкіметі ол кезде Колчакты қолдау туралы шешім шығарып қойған еді. Бір жағынан қазақ ұлты мен оның қайраткерлері һәм олардың нақты ұстанымы туралы мәліметтің аздығынан Алашорданы қолдауға батылы бармады. Дегенмен белгілі бір қызығушылық байқатты. Бұл Қазақстан мен Жапонияның арасындағы қарым-қатынас тарихының сондай бір сәтті болмаса да маңызды бөлігі деуге болады».


Jańalyqtar

MURAǴAT