Райымбек Баталов Президентті ҰКП-ны трансформациялау жолдарымен таныстырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҰКП-ны трансформациялау жолдары таныстырылды.

Райымбек Баталов биылғы ақпан айында өткен Кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде микро және шағын бизнесті қолдауға мән бере отырып, мекеменің қызметін трансформациялау туралы шешім қабылданғаны туралы айтты. Сондай-ақ «Атамекен» басшысы Алматыда шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді.

Мемлекет басшысына салалық сараптаманың сапасы мен жауапкершілігін арттыру үшін бизнесті жұмылдыру жөніндегі ҰКП-ның жоспары таныстырылды. Атап айтқанда, палата мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттары мен бұйрықтарына қатысты жобаларды бизнеспен бірге талқылап, апробациядан өткізуге ниетті. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара конструктивті ықпалдастығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында бизнеске жасалатын заңнамалық деңгейдегі қысымды азайтуға, сот пен прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның бизнес пен билік арасындағы ықпалдастықтың алтын көпірі болуға тиіс екенін ерекше атап өтіп, «Атамекеннің» қызметін жүйелі түрде өзгерту қажеттігін қолдады.

Сонымен қатар Президент бизнес-ортаны бюрократиядан арылту жөнінде қабылданып жатқан шараларды және жүктелген міндеттерді жылдам әрі тиімді шешу үшін трансформация кезінде президиум төрағасы мен палата басқармасының позицияларын қосу қажет екенін мақұлдады.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес-қоғамдастықтың құқығын қорғауға ықпал ететін институт ретінде ҰКП-ны реформалау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар