Райымбек Баталов аграрлық субсидиялар төңірегіндегі жемқорлық дауларына пікір білдірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы. Райымбек Баталов аграрлық субсидиялар төңірегіндегі жемқорлық даулары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палатаның ақпарат алаңында өткен тікелей эфирде Райымбек Баталов Украина мен ресей арасындағы жағдай кәсіпкерлерге қандай тәуекел туындатып жатқанын айтты.

«Осы айдың алдағы аптасында стратегияны жариялаймыз. Валюта бағамына байланысты, тасымал бойынша қиындыққа тап болып жатқандар бар. Көп кәсіпкерлердің тасымал тізбегі бұзылып жатады. Тауар өндірісіне қажет құрамдас бөлік немесе шикізат жетпей қалса, тауар жеткізу тізбегі үзіледі. Салдарынан тауарсыз қалуға болады немесе өндіріс уақытша тоқтап қалады.

Импорттық міндеттемелер бойынша тәуекелдер бар. Біз қолдаудың өтемдік шараларын қатар пысықтап жатырмыз. Бірақ бұл оңай емес, өйткені бюджеттің де түбі бар», - деді палата басшысы.

Сондай-ақ, ол фермерлерден егіс науқанына қатысты сауалдар көп түсіп жатқанын айтты.

«Күйіп тұрған мәселелер бар. Палатаның ұстанымы мынадай: субсидиялау тәртібін былтырғыдай қалдыру керек деп отырмыз. Биыл шарттар мен сомаларды өзгертпейміз. Сонымен қатар, біз егіс науқанына қолдаудың көлемін ұлғайтуды сұраймыз. Бүгінгі таңда мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары. Металдардың бағасы да қымбат. Сондықтан фермерлер мен тауар өндірушілерді қолдау үшін субсидияны қысқарту дұрыс болмайды деп есептейміз.

900-ден астам қылмыстық іс қозғалғаны түсінікті (ауыл шаруашылығындағы субсидиялау бойынша –ред.). Бірақ бұл жерде мәселе шаруаларға емес, субсидияларды әкімшілендіру ісіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысты. Шаруалардың қатысы жоқ. Қазір наурыз айы. Болары болып, бояуы сіңген соң мәселені шешу тағы дұрыс емес деп есептейміз. Көбі субсидияны биылғы жылдың бюджетіне салып қойды. Былтырдан бері тиісті субсидиясын алмағандар бар. Осы істі жылдамдату керек деп жатырмыз. Оның өз процедурасы бар екені түсінікті. Бірақ оны да жылдамдату қажет», - деді Райымбек Баталов.


Соңғы жаңалықтар