Райымбек ауданының халқы жердің жоқтығынан не мал ұстай алмай, не егін еге алмай отыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Райымбек ауданының халқы жердің жоқтығынан не мал ұстай алмай, не егін еге алмай отыр. Бұл мәселені олар өңір басшысы Қанат Бозымбаевпен кездесу барысында көтерді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аудан тұрғындарының әл-ауқаты жермен тікелей байланысты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар да кездеседі, бірақ мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деп бұлай қарап отыруға болмайды ғой. Біз не мал басын көбейте алмаймыз, не картоп егістігін ұлғайта алмаймыз. Соның бәрі суармалы жер мен жайылымның жетіспеуінен туындап отыр. Осыған шара қабылдап, жерге ревизия жүргізсеңіздер, сонымен бірге жер учаскесін беру конкурсын ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын», - деді Райымбек ауданының тұрғыны Мақсат Ілиясұлы.

Қанат Бозымбаев жер мәселесінің тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

«Жер мәселесі көп ауданда бар, тұрғындар үнемі жер жетпейді, жер заңнамалары бұзылған деп мәселе көтереді. Қазір менің орынбасарым жетекшілік ететін арнайы комиссия өңірлерді аралап жүр. Шілде айында көрші Кеген ауданына келеді. Әзірге аудан әкімдіктері жергілікті жерде осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Жерге жауапсыз қарағандар болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады. Заң - бәріне ортақ», - деді Қанат Бозымбаев.

Атап өтсек, өңірлерде аудан, қала әкімдіктері облыстық жер инспекциясымен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және заң бұзушылықты жою жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыстың 16 аудан, 1 қаласында 450 мың га жерге жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Тиісті хабарламалар жолданды. Оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350 жер учаскесі анықталған.


Соңғы жаңалықтар