Равиль Рыспеков: Бала мұғалімнің энергиясын бойына сіңіретінін ұмытпауымыз керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Физика пәнінен сабақ беретін Равиль Рыспеков оқушылармен байланыс орната білу, жайдары мінез, қажет кезде талапшылдық таныту – ұстаздың бойында болуы тиіс қасиеттер деп есептейді.

ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі Мұғалімдер күніне орай 2021 жылғы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазымен сұхбат құрып көрді.

- Туып-өскен жеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

- Кіндік қаным 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында тамды. 2009 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын тәмәмдап, Н.Островский атындағы орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері оқушыларды білім нәрімен сусындатып келемін. 2016 жылы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін аяқтап, физика мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі атандым.

- Осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды ?

- Ұстаздық - ең асыл мамандықтардың бірі. Мұғалімдер өскелең ұрпақты әлемнің саналуан қызықтарымен таныстырып, білімге деген қызығушылығын оятып, шығармашылығын шыңдайды. Университет қабырғасында оқып жүргенімде мектептен іс-тәжірибеден өттім. Балаларға сабақ берген өзіме қатты ұнады. Қолымнан келетінін де сездім. Ел арасында 1 жыл мұғалім болған адам өмір бойы ұстаздық етеді деген сөз бар. Міне, сөйтіп осы мамандықтың иесі атандым.

- Сізді физика пәні несімен қызықтырды ?

- Жалпы физика бұл – табиғаттағы қарым-қатынастарды, заңдылықтарды зерттейтін ғылым. Бала күнімнен физикаға деген қызығушылығым жоғары болды. Оған осы пәннен сабақ берген ұстазымның үлесі зор. Әр сабақты әртүрлі етіп қызықты өткізетін. Өсе келе өзімді осы жолға бағыттағым келетінін түсіндім.

- Тәліміңізді көрген оқушыларыңыз қандай жетістіктерге жетті ?

- 2016-2017 жылдары шәкіртім Вероника Гроза «Физика» пәнінен аудандық олимпиадада 1 орын иеленді. Әділжан Егінбеков 2019 жылы «Шапағат» графикалық суретшілердің республикалық байқауының облыстық кезеңінде 2 орын алды. Әділ Сатов сол жылы жаратылыстану-математика пәндері бойынша президенттік олимпиадада 11 сынып оқушылары арасындағы аудандық кезеңде 2 орынға жайғасты. Гүлсім Смағұлова 2020 жылы IQanat олимпиадасының 2 турында жеңімпаз болды. Ал биыл оқушым Татьяна Александрова жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың физика пәнінен облыс бойынша 3 орын иеленді. Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен натуралистердің облыстық форумында Дариға Есімбекова «Денсаулық және қоршаған орта» номинациясы бойынша 1 орынды жеңіп алды.

- Жақсы ұстаздың бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

- Бірінші кезекте еңбекқорлық қажет. Кез келген мамандық иесі өз жұмысын жақсы көруі тиіс. Сонда ғана ол беріліп, жан тәнін салып еңбек етеді. Оқушылармен байланыс орната білу, жайдары мінез, қажет кезде талапшылдық таныту – ұстаздың бойында болуы тиіс қасиеттер. Сабақты барынша қызықты өткізген дұрыс. Бала мұғалімнің энергиясын бойына сіңіретінін ұмытпауымыз керек. Сол үшін педагог өз қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, үнемі білімін жетілдіріп отыруы қажет.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар