Расул Жұмалы жерді жалға беруге қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдіктерге жердің сатылмайтыны, жалға берілмейтіні жайлы принципиалды түрде қабылданған шешімді үлкен ортақ жетістігіміз деп білемін. Бұл пікірді саясаттанушы Расул Жұмалы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұған дейін сөз етілген ұлттық қауіпсіздік, саяси, геосаяси мәселелерге қатысты айтылған ойларға толық қосыламын. Шетелдіктерге жердің сатылмайтыны, жалға берілмейтіні жайлы принципиалды түрде қабылданған түпкілікті шешімді үлкен ортақ жетістігіміз деп білемін. Әрине, әлі қордаланып отырған мәселелер шаш етектен, соның ішінде саяси мәселелермен қатар, жердің экономикалық-әлеуметтік маңызы», - деп атап өтті саясаттанушы Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында.

Спикер Қазақстанның көлемі жағынан әлемде 9-орын алатынын, халқының тығыздығы бойынша 193 елдің арасында 184-орында екенін еске салды.

«Елімізде бір шаршы шақырымға 6 ғана адамнан келеді. Бірақ, шынтуайтында ауылдағы диқандар мен малшыларға жер жетпей жатады. Алып жатқан жеріміз Антарктида емес, Сахара емес, тыңайтуға, өңдеуге қолайлы алқаптар. Бірақ, өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатмамасыз ете алмай жатырмыз, оны мамандар, сарапшылар жақсы біледі. Меніңше, бұл – жер мәселесінің жақсы реттелмеуінің көрінісі, біздің талқылап отырғанымыз дәл осы мәселе», - деді Р. Жұмаұлы.

Сонымен бірге, саясаттанушы латифундистерге қатысты шектеулер енгізу бастамасын қолдады.

«Яғни, 10 мың гектар емес, 500 гектар немесе басқа да меже белгілеп, бұдан артық алуға мүмкіндік жоқ деу керек. Жерге жеке меншік мәселесі – әлбетте өте сезімтал дүние, оның саяси, шаруашылық, экономикалық астары бар. Өз басым түбінде жердің жеке меншікке өтуін қолдаймын. Бірақ дәл қазір ондай шешімнің қабылдануы қаншалықты қисынды және негізді, асығыстық болмай ма? Менің ойымша, бұған дейінгі келеңсіз тәжірибе бар, латифундистер, қос азаматтық, жерді игере алмай субарендаға беріп, спекуляцияға айналдыру, жерді несиеге қалдырып, шетелге ауып кеткендер дедік. Меніңше, ең алдымен сол жалға алудың, жеке меншікке алудың қосымша алғышарттарын жасау керек. Осы елдің азаматы сол жерді игеріп отыр ма, 20 жылда қандай нәтиже көрсетті, сондай қосымша шарттардан кейін жалға алудың, жеке меншікке алудың үлкен жауапкершілікгін сезіне отырып, осы мәселеге назар аударған жөн сияқты», - дейді Расул Жұмаұлы.

Айта кетейік, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігіне байланысты комиссия жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн көрсетілді.



Соңғы жаңалықтар