Расул Жұмалы: Бұл сайлаудың бірқатар жаңашылдығы бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал саясаттанушы Расул Жұмалы алдағы Парламент Мәжілісі және мәслихат сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін елордада Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен «Сайлау-2021: саяси модернизацияның жаңа кезеңі» атты сарапшылық кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – Парламент Мәжілісіне сайлаудың ерекшеліктері мен рөлін сараптамалық тұрғыда талқылау, саяси партиялардың стратегияларын талдау, ел азаматтарының саяси мәдениетін арттыру бойынша ұстанымдар мен ұсыныстарды әзірлеу.

«Қазір бәріміз қызықты да маңызды кезеңнің алдында тұрмыз. Сайлауға бір айдан аз уақыт қалды. Бұл сайлаудың бірталай жаңашылдығы бар. Ескі дәстүрлердің де сақталуын, оның ішінде келеңсіз тәжірибелердің қайталануын байқап отырмыз. Жаңашылдыққа келсек, сайлау көп жылдан кейін өзінің заңмен белгіленген кезеңінде өтіп отыр. Меніңше, бұл - игі әрі жақсы жаңалық. Бұған дейін президенттік болсын, парламенттік болсын сайлаулардың барлығы түрлі себептермен кезектен тыс өтетін. Біресе дағдарысты желеу етіп, біресе ауқымды жобаларды алға тарта отырып сайлаудың мерзімі өзгеретін. Меніңше, бұл фактор – өркениеттіліктің, мемлекеттің, биліктің өз заңдарын құрметтей білуінің көрсеткіші», - деді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы Ұлттық кеңес аясында бірталай саяси модернизацияға бет түзеген заңдар қабылданып, өзгерістер енгізілгенін айтып өтті.

«Парламенттің оппозиция ұғымының енгізіліп отырғаны, сол оппозицияның қуыршақ емес нақты болуы – біздің елімізге ауадай қажет. Қазір саяси алаңдағы партиялар қаншалықты бүкіл қоғамның мүддесін, наразылығын білдіріп отыр? Бұл тақырыпта пікірталас құруға болады. Менің ойымша, жақын арада жаңа бір саяси ойыншылардың, топтардың пайда болуы өте маңызды. Билік органдары оған барынша мүмкіндік жасауы керек», - деді саясаттанушы.


Соңғы жаңалықтар