Расул Жұмалы: Ауыл әкімдерін сайлау әділ ұйымдастырылуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы Расул Жұмалы ауыл әкімдерін сайлау әділ ұйымдастырылуы керек деп есептейді. Қоғам белсендісі ҚазАқпарат тілшісіне сайлау туралы заңнамаға енгізіліп жатқан өзгертулер мен толықтырулар жайында осындай пікір білдірді.

«Бәріне қарсымын» бағанын енгізу туралы заңнамалық түзету барлық деңгейдегі сайлауға қатысты. Парламентке өту кедергісін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету бастамасы да солай. Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға келетін болсақ, жалпы, бұл үрдіс дұрыс. Оның үстіне, бұл туралы 90 жылдардан бері айтылып келеді. Әрине, біз орталықтандырылған басқаруы бар унитарлық мемлекетпіз. Бірақ, соған қарамастан, өкілеттіктер мен бастамалардың бір бөлігі жергілікті жерлерге берілуі керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару идеологиясын қаыптастырады. 90-шы жылдардан бері уәде етіліп келгенімен, енді ғана жетіп отырмыз. Осы жылдың күзінде көптеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Идея, әрине, дұрыс. Елордада отырып нақты аудандардың барлық мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін білу мүмкін емес», - дейді сарапшы.

Ол, сондай-ақ, сайлауды әділ өткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Әкімшілік ресурсты ешкімнің пайдаланбауы, бюллетеньдер дұрыс есептелуі, жалпы азаматтардың мұндай сайлауға сенгені маңызды», - деген Расул Жұмалы жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдері жергілікті проблемаларды өз бетінше шеше алуы үшін өзі билік ете алатын бюджет қаражатының көздері айқын болуы керек деген ой айтты.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуге бағытталған. Заң жобасы сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін төмендетеді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» деген баған енгізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар