Расул Жұмалы 20 ғасырдағы және қазіргі әдебиеттің айырмашылығын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форум барысында саясаттанушы, публицист Расул Жұмалы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Уақыт өткен сайын әдебиетте заман талабына сай тақырыптар мен кейіпкерлердің ерекшеліктері, әдістер және тағы басқалары өзгеруі мүмкін. Дегенмен, негізгі міндетінен ауытқымай әдебиет тарихтың кез келген сәтінде сұранысқа ие болып қала бермек. Тиісінше, 21 ғасырдың әдебиеті немен ерекшелінуі керек? Ол қандай сұрақтарға жауап беруі керек? 50-100 жылдан кейін қандай әдебиеттер оқылмақ? Ертеңгі классиктер кім болмақ? Ғасырлар бойы әдебиет адамның ойын жеткізуші, адалдыққа үндеу жасаушы жалғыз платформа болды десек артық айтпағандық», - деп атап өтті ол.

Алайда оның айтуынша, бүгінде әдебиеттің ағартушылық, тәрбиелік мәні бұрынғыдай соншалықты айқын емес. Оның орнын көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары басып келе жатыр.

«Тиісінше, жазушылар мен ақындарды қолдау төмендеп келе жатқаны тағы бар. Сондықтан болар 20 ғасырдан бүгінгі заман әдебиетінің айырмашылығы жазушылардың ықпалы төмендеді. Сөзсіз «авторитет» саналған көркем сөз иелеріне қатысты ұлттың ар-ожданы деген анықтама бұрынғыдай естілмейді. Хэменгуей, Бродский, Әуезов, Айтматов, Гамзатов секілді алыптар азайды. Бұл жағымды құбылыс па, керісінше ме, әркім өзі шешсін», - деді Расул Жұмалы.

Саясаттанушының пайымынша, қазіргі заманғы әдебиеттің ендігі ерекшелігі - уақыттың күрт тығыздалуы. Тиісінше ірі поэмалар мен көптомды романдар дәуірі біртіндеп өтіп барады. Алдыңғы шепке повесьтер немесе әңгімелерге негізделген шығармалар шығуда. Кейбір жағдайларда классиктердің туындылары қысқартылған нұсқаларда шығуда.

«Бұл да бүгінгі заманның шындығы, көрінісі. Өз алдына қоғамдық пікірге әсер етуші баламалар көбейіп келеді. Атап айтсақ - блогерлер. Олар әдеттегі ақындар мен жазушылар болмаса да дәстүрлі әдебиетке ұқсас қызметтерді орындап отыр. Мәселен, түрлі құбылыстарды таразылауға, жаңаша идеялар туғызуға тырысады. Әрине, ғаламтор, жаңа технологиялар мен гаджеттер адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Оның ішінде әдебиет те жаңа серпін алды. Жазушы мен оқырман өзара жақындаса түсті, ықпалдастықтың тың арналары қалыптасты», - деді ол.




Фото: www.muftyat.kz

Соңғы жаңалықтар