Расул Рысмамбетов елдегі алпауыт компанияларды мемлекеттендіру туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында елдегі алпауыт компанияларды мемлекеттендіру туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдыңғы жарты жылда істейтін негізгі жұмысымыз – қай жерде тұрғанымызды түсініп алу. Ешқандай шұғыл шара қабылдаудың керегі жоқ. Қаңтардың басында не болды? Біреулер парадигмалар ауыстыратын кез келді деп жатыр ғой. Бірақ экономикамыз сол қалпында тұр. Экономиканың төбесін тіреп тұрған негізгі қабырғалар сол күйінде қалып отыр. Сондықтан шұғыл түрде бірдеңені өзгерту керек деп айту асығыстық сияқты. Мен революциялық көңіл күйдің кейбір тұманына сақтықпен қарайтын едім. «Шетелдік инвесторларды мынадай іске міндеттейік» деген бастамалар көтерілуі мүмкін. Оның салдары болуы ықтимал», - деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол жыл сайын елімізде жұмыс орындарына қажеттілік арта беретінін болжады.

«4,5 млн адамды жұмыспен қамту керек деп жүрміз. Ұмытпасам, алдыңғы жылы да, былтыр да 400 мыңнан астам бала дүниеге келді. Яғни, қажетті жұмыс орындарының саны көбейе береді. Көшіп кетіп жатқандардың факторын ескергеннің өзінде жыл сайын 200-250 мың адамға жұмыс тауып беру керек. Мұның дайын рецепті жоқ. Шынымды айтсам, мен науқаншылдыққа салынып кетеміз бе деп қорқамын. Сондықтан, ең бастысы, «қайтсек те жұмыс орнын ашу керек» деген ұран болмауы керек. Қолданыстағы даму бағдарламаларын қайта қарап шығу керек шығар. Жуықта ғана жалпы құны 49 трлн теңге болатын Ұлттық жобаларды қабылдадық. Бұл 120 млрд доллар деген сөз. Осы Ұлттық жобалар қаншалықты қажет екенін түсініп алу керек. Бірақ бұл экономиканың парадигмасын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс дұрыс деген сөз емес. Мұнай, металл мен астық экспортына арқа сүйейтін мемлекет болып қаламыз ба, жоқ па деген сауалдар қойылып жатыр. Оған дайын жауап менде де жоқ, шынымды айтсам», - деді Расул Рысмамбетов.

Айтуынша, сыртқы қарыздың молдығы Қазақстанға экономиканы бір күннің ішінде қайта құрылымдауға жол бермейді.

«Қазір бөрікті аспанға атып, ұрандап жатқандар бар. Бірі бүкіл экономиканы мемлекетсіздендіру керек десе, екіншілері түгелдей мемлекеттендіру қажет деп даурығып жатыр. Қазақстанның түрлі тараптарға қарызы бар. Біздің сыртқы қарызымыз 160 млрд доллардың айналасында. Оның бір бөлігі облигацияларға салынған. Яғни, еуропалық қорларда мемлекетпен бірге «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» сияқты компаниялардың міндеттемелері бар. «Самұрық-Қазына» түгелдей облигацияларға арқа сүйеп отыр. Сол қарыздардың бір шартында несие беруші мерзімінен бұрын өтем талап ете алатыны айтылған. Біз қазір инвесторларды қозғап, «қазақстандық мазмұн» талап ете бастасақ, әлгі талап іске қосылуы мүмкін. Яғни, облигацияны сатып алуды талап етеді. Ал сатып алмасақ, Халықаралық сот Ұлттық қордан сол облигацияның құнына тең қаражатты бұғаттай алады», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар