Рәміздерді насихаттау бойынша ұсыныстар әзірлеу маңызды – Елтаңба авторы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік рәміздерді, ұлттық құндылықтарды насихаттауға тың серпін беру керек. Бұл туралы елордада «Мемлекеттіліктің рәміздері» атты халықаралық ғылыми конференцияда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елтаңбамызда мың жылдан бері келе жатқан рухымыз, санамыз және дәстүріміз, сондай-ақ Ұлы Даланың философиясы қамтылған. 30 жылдан бері көк байрағымыз көкте желбіреп, әрбір жетістігіміз кезінде жоғары көтеріліп келеді. Әнұранымыз шырқалған сайын рухымыз көтеріледі. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды терең түсініп, ойлануымыз керек», - деді Жандарбек Мәлібекұлы.

Сонымен қатар белгілі сәулетші Жаңа Қазақстан бағдары аясында мемлекеттік рәміздерді, ұлттық құндылықтарды насихаттауға тың серпін беру керек екенін айтты. Осы орайда тиісті комиссия құрып, рәміздерді насихаттау тұрғысында ұсыныстар әзірлеу маңызды болып тұр.

«Жас ұрпаққа балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орнында оқыту кезінде басты құндылықтарды насихаттаудың қадамдарын пысықтау керек. Әр мейрамда менің Туым желбіреп, Елтаңбам төрде тұрса, Әнұраным шырқалса деп армандаймын», - деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған халықаралық конференцияда Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтау хатында ғалымдар тарапынан мемлекеттік рәміздерді тиімді насихаттауға және патриоттық тәрбиенің тың тәсілдерін жетілдіруге қатысты іргелі зерттеулер ұсынылуы керек екені айтылған.

Осы жылы наурыз айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы 80 жасқа толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жандарбек Мәлібекұлының мерейтойымен құттықтап, жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді.

Осыдан тура 30 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді.

Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі.


Соңғы жаңалықтар