Рамазан Сәрпеков: Конституция - мемлекеттік және әлеуметтік басты құндылық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Конституция егемен Қазақстанның дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды саяси және құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге басты мемлекеттік және әлеуметтік құндылық болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Заң шығару және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, 25 жыл бұрын қазақстандықтар еліміздің негізгі Заңын жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдады. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ол қазақстандық жетістіктің басты факторы болды. Осы кезеңде Конституция егеменді Қазақстан дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды саяси-құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар қазақстандық азаматтық пен патриотизмді қалыптастыруға негіз болған басты мемлекеттік және әлеуметтік құндылық болды», - дейді Рамазан Сәрпеков.

Спикер Конституция біздің елімізде бейбітшілікті, келісімді қамтамасыз етудің, мемлекеттік билік пен басқарудың бүкіл жүйесін нығайтудың, экономиканы едәуір реформалаудың, теңдестірілген сыртқы және ішкі саясатты жүргізудің, демократиялық институттарды дамытудың және әлеуметтік модернизацияның сенімді негізіне айналғанын айтты.

«Конституцияны әзірлеу мен қабылдаудың бастауларында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Нұрсұлтан Әбішұлының Конституция мәтінін жасау мен талқылауға жеке бақылау жасағаны сөзсіз. Ол егжей-тегжейіне дейін терең бойлап, жобаның әр бабы мен әр жолын мұқият зерттеп, өте маңызды түзетулер мен толықтырулар енгізді. Сондықтан өзінің мерейтойына орай Конституциялық Кеңес «ҚР Тұңғыш Президентінің Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысындағы рөлі. Елбасының сабақтары» атты кітап шығарып, осы жылы 1 шілдеде Тұңғыш Президент қоры кітаптың тұсауын кесті», - дейді Рамазан Сәрпеков.

Еске сала кетсек, елордада «Қазақстан Республикасының Конституциясы - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың іргелі негізі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция басталды.

Конференцияға Парламент депутаттары, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығы және Германия, Ресей, Беларусь және Қырғызстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысуда. Конференцияны Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қолдауымен Заңнама және құқықтық ақпарат институты негізінде Әділет министрлігі ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар