Рамазан айының қарсаңында Абай облысында жаңа мешіт ашылды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Рамазан айының қарсаңында жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі Восточный кентінде Әбу-Бәкір Сыддық атындағы мешіт ашылды. Ашылу салтанатына өңірдің бас имамы Асқар Әбітайұлы, облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков және қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.

Мұнда бір мезгілде 100 адам құлшылық жасай алады. Мұнара биіктігі – 15 метр болса, ал күмбезінің диаметрі – 4,5 метр, биіктігі – 2,5 метрді құрайды. Мешітте Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары және дәрісхана бөлмелері бар.

«Наурыз мейрамында және қасиетті Рамазан айының қарсаңында есігін айқара ашқан мешіт қаламыздың көркіне көрік қосып, дінаралық және ұлтаралық татулықтың ордасына айналады деп сенеміз. Кент жамағатының талай жыл күткен арманы орындалды. Осымен Семейдегі мешіт саны 15-ке толықты, - деді облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.

Айта кетейік, жаңадан бой көтерген Әбу-Бәкір Сыддық мешітінің бас имамы болып Айдын Жүнісбеков тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар