Рамазан айында бірқатар қайырымдылық шара ұйымдастырылады - Бас мүфти

None
АСТАНА. ҚазАқпарат — Рамазан айында бірқатар қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рамазан – ізгі амалдардың сауабы еселеніп жазылатын ай. Ислам ғалымдарының айтуынша, ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни, орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Мысалы, үйде оқылған намаздан мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша көп. Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты», - деді Бас мүфти БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

Мысалы, оның атап өтуінше, Зул-хиджа айының алғашқы онкүндігінде және Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік болады.

«Сондықтан осы айда мүмкіндігінше мұқтаж жандарға көмектесіп, олардың алғысы мен батасын алуға асыққан абзал. «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәберік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады. Барша халықты сауапты істерімізге үлес қосып, жақсылықтың басы-қасынан табылып, белсенді түрде атсалысуға шақырамын», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Соңғы жаңалықтар