Рамазан айы: Түркістан имамдары жомарт жандарды қайырымдылыққа шақырды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде қасиетті Рамазан айының басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді қасиетті айдағы сауапты амалдар туралы айтты.

«Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы - қасиетті Рамазан - сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы - Рамазан. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды», - деді Түркістан облысының бас имамы.

Мұсабек Ақтамберді кәсіпкер, жанашыр азаматтарды көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырды.

Түркістан қалалық «Хилует» орталық мешітінің бас имамы Жүсіпбек Қасымбеков, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбаймбетов және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов те баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, қасиетті айда тек ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды жаман әдет-қылықтардан аулақ болу жайында айтылды. Өйткені, ораза құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін дін өкілдерінің айтуынша, құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқыған абзал.

Ал зекет беру - жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Бас имам зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылатынын айтты.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 6 мамырда басталады. ҚМДБ оразаның және намаздың барлық өңірлер бойынша кестесін жариялады. Биылғы пітір-садақаның көлемі - 300 теңге.

Соңғы жаңалықтар