Рақымжан Тұрысбек: Президенттің ел азаматтарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтуы - нағыз ел үшін туған ерге тән қасиет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтуы, 13 шілдені - Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы нағыз ел үшін туған ерге тән қасиет. Бұл туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рақымжан Тұрысбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күні коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде үндеу жариялады. Зейін қойып, бар ықыласпен тыңдадық. Мемлекет басшысы үндеуінде қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай күрделене түсіп, коронавирустың таралуы бәсеңдемей отырғанын, кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатқанын жеткізді. Демек, Президенттің айтып отырған сақтық шаралары қатерлі індеттің алдын алуға өз септігін тигізетін аса қажетті шешім деп білемін. «Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ», - деген Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар әлемді алаңдатқан бұл індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екенін айтты», - деді ол.

Рақымжан Тұрысбеков Президент өз сөзінде батпандап кіріп, мысқалдап шығатын өте қауіпті дерттің таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түскенін, бірақ бұл індетке тойтарыс беруге келгенде олардың дайын болмай шыққанын жасырмағандығын баса айтады. Алайда, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын, сол қабылданған шаралар мен ақ халатты абзал жандардың арқасында емделіп шыққан азаматтардың саны күн сайын артып отырғанын атап өткендігіне назар аудартады.

«Сондай-ақ Мемлекет басшысының сөз арасында «Әр қазақ - менің жалғызым» демекші» деп әңгіме бастауы қамкөңіл жандардың ғана емес, барша жұрттың көңілінен шықты деген ойдамын. Өйткені, бұл мынау алапат індеттен келген әр қазаның Президент жүрегіне қатты батып жатқанын аңғартып отыр. Оған бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтуы, сол үшін 13 шілдені - Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы нағыз ел үшін туған ерге тән қасиет», - деді ғалым.

Сонымен қатар ол Президент үндеуінде осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарап, теріс ақпарат таратып жүрген адамдардың пәндәуи іс-әрекеттеріне де тоқталғанын, бірақ, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсені түсірмеуге, керісінше, халықты салмақты, сабырлы болуға шақырғандығын баса айтады.

«Талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халық екенімізді және батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп беретініне зор сенім білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық - зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік!» -деді. Бұл «Президент айтты – бітті» деген сөз емес, бұл әрбірімізге саналы әрекет пен үлкен жауапкершілік жүктейтінін ұмытпағанымыз жөн», - деді университет профессоры.




Фото: abaialemi.kz


Соңғы жаңалықтар