Рақымшылыққа ілінгендер қашан бостандыққа шыға бастайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Прокурорының орынбасар Әсет Шындалиев Сенат кулуарында рақымшылыққа ілінгендердің бостандыққа шығу процесі қалай жүретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен сізге нақты мерзімін айта алмаймын. Өйткені бірқатар іс әлі де тергеу органдарының өндірісінде жатыр. Ауыр және аса ауыр қылмыс туралы істер бойынша алдын ала тергеу толығымен жүргізіледі. Іс сотқа жіберіледі, сот бұл істі қарайды және тек үкім шығарылған кезде ғана сот рақымшылық актісін қолданады. «Рақымшылық жасау туралы» заңда уәкілетті органдар рақымшылықты орындау үшін алты ай ішінде барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек деген норма бар», - деді Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, рақымшылыққа ілінген адамның қылмысы ауыр санатқа жатпаса, сот залынан-ақ бостандыққа жіберілуі мүмкін.

«Үкім болған жағдайда, егер адамды бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылған болса, мекеме әкімшілігі немесе сотталған адамның өзі сотқа рақымшылық жасау актісін қолдану туралы өтінішхат жібереді. Заң бойынша сот оны бір ай мерзімде қарауы мүмкін. Содан кейін сот шешім шығарады. Егер адам орташа және жеңіл істер бойынша сотталған болса, ол жазадан босатылады, тіпті бірден сот залында немесе тергеу кезінде босатылуы мүмкін. Егер жаза мерзімі қысқартылса, онда ол қалған мерзімін өтеуі керек»,- деді Бас прокурордың орынбасары.


Соңғы жаңалықтар