Рақымшылық аясында 2 трлн. теңгеге жуық қаражат «көлеңкеден» шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі мүлік пен қаражатқа рақымшылық аясында 2 трлн. теңгеге жуық қаражат көлеңкелі айналымнан шығатыны болжанады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев мәлім етті.

«Біз мүлік пен қаражатқа рақымшылық аясында 2 трлн. теңгеге дейін айналымды заңдастыруды болжап отырмыз. Сонымен қатар, ел экономикасына осы деңгейде қаражат құйылатынына сенім бар. Бұл шамамен 12 млрд. долларды құрайтын болады», - деді заң жобасын таныстырған вице-министр.

Сонымен қатар, мүлік пен қаражатты жария ету тетігі мен құралдарына тоқталған А. Теңгебаев, бұл ретте рақымшылық жасалған қаражаттар екінші деңгейлі банктерден ашылған арнайы жинақ шоттарына аударылатынын атап өтті. «Бұдан соң, субъект жария етудің құралын өзі айқындауы керек. Біріншіден, бұл қаражатты екінші деңгейлі банктерде ашылған жоғарыда айтып өткен шоттарда бес жыл бойы сақтауға және сол арқылы нарықтық ставкаларға сәйкес, сыйақылар алып отыруға болады. Екіншіден, қаражатты жедел жұмсауды көздейтіндер мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердегі облигацияларды, «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында сатылатын және Қазақстан қор нарығына шығарылатын бағалы қағаздар мен акцияларды иелену жолымен экономикаға тікелей инвестициялай алады», - дейді А. Теңгебаев. Бұдан бөлек, рақымшылық арқылы заңдастырған қаражаттарды жекешелендірудің екінші толқыны аясындағы нысандарды сатып алуға жұмсауға да мүмкіндік туады.

«Егер азаматтар өздерінің рақымшылық аясында заңдастырған қаражаттарын жоғарыдағы инвестициялау механизмдеріне пайдаланғысы келмесе, онда олар өз қаражатын қалауынша жұмсай алады. Дегенмен, оларға осындай қаражатты төлеу барысында екінші деңгейлі банктер жария етілетін қаражаттың жалпы сомасынан 10 пайызы мөлшерін ұстап қалатын болады», - деді А. Теңгебаев.

Соңғы жаңалықтар