Рақым Ошақбаев экологиялық төлемдерді мақсатсыз пайдаланатын өңірлерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірі экологиялық төлемдердің болар-болмас пайызын ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсап отыр. Бұл туралы бүгін "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Айырмашылық тым алшақ. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық төлемдерге 2 млрд теңгеден астам қаражат түскенімен соның не бәрі 1,5 млн теңгесі ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалады. Ластаушы кәсіпорындар көп Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында да төлем мен шығын арасындағы алшақтыққа жол беруге болмайды. Павлодар облысында да 11 млрд теңге төлем түскенімен соның 936 млн теңгесі ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалған", - деді ол елордада өткен "Экологиялық заңнаманы реформалау - қазіргі ахуалы мен болашағы" тақырыбындағы пікірталас алаңында.

Осы орайда Рақым Ошақбаев ҚР Энергетика министрлігінің жергілікті атқарушы органдарды экологиялық төлемдердің 70 пайызын табиғатты қорғау шараларына жұмсауға міндеттеу бастамасына қолдау білдірді.

"Энергетика министрлігінің табиғатты қорғау шараларына жұмсалатын соманы 70 пайызға дейін жеткізу шешіміне қолдау білдіреміз. Негізгі міндет соманы ғана арттырып қоймай тиімділігін де жоғарылату болуы тиіс", - деді ол.

Айта кетейік, "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ ұйымдастырған шарада еліміздің жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар