Рахым Ошақбаев вакцинацияны үгіттейтін Азаматтық штаб құруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Рахым Ошақбаев Facebook-парақшасында коронавирусқа қарсы вакциналауды үгіттейтін Азаматтық штаб құру туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дағдарыс белең алып тұр. Қазақстанда халықтың тек 29% екпе алды. Салыстырсақ, Канадада азаматтардың 72%, Ұлыбританияда – 69%, Италияда – 64%, Францияда – 62%, Германияда – 61% АҚШ-та – 57% вакцина алған. Испаниялықтардың екпе қабылдау қарқыны таңғалдырады – тәулік сайын 500 мың адам алып жатыр. Азаматтарының 68% вакциналанған. Дамыған әлем дельта-штамға қарамастан, маскалық режим мен шектеулерді ала бастады. Коронавирустан келетін өлім саны күрт азайды. Ал бізде вакцинация тұралауда», - деген қоғам белсендісі бұлай жалғаса берсе, карантин мен локдауннан көз ашпайтынымызды, шағын және орта бизнестің қайта еңсе тіктей алмайтындай болып күйрейтінін ескертеді.

Сарапшы әлеуметтік желіде бір-біріне «Иманды болсын» деп көңіл айту көбейіп тұрғанын да вирустың бәсеңдемеуімен, вакцина алу қарқынының жеткіліксіздігімен байланыстырады.

Вакцинацияны халықтың билікке деген сенім деңгейін көрсететін референдумға теңеген Рахым Ошақбаев екпе алушылардың сылбырлығы билікке елдің сеніммен қарай алмайтынын көрсетті деп отыр.

«Кез келген ресми ақпарат, оның ішінде вакцинаның қажеттігі туралы мәлімет бірден жоққа шығарылады немесе манипуляция ретінде қабылданады. Адамдар ресми мәліметке, мемлекеттік қызметшілердің мәлімдемелеріне сенбейді. Вакцинация науқаны – бір жағынан IQ сынағы. Біз қазір медицинаның, ғылымның жетістіктерін жоққа шығарып, «чиптеу», «5G» сияқты қастандық теорияларына сену арқылы интеллектіміз бен сыни ойлау деңгейімізді көрсетіп отырмыз», - дейді қоғамдық қор президенті.

Оның пайымынша, вакциналауға кедергі болып тұрған тағы бір фактор – желідегі популизм.

«Антиваксерлер біздің шенеуніктердің біліксіздігі мен екіжүзділігін пайдаланып, жалпы наразылықтың толқынын қалауынша бұрмалап, тұлғалыққа ұмтылуда. Біз ең танымал деген 10 антиваксердің аккаунтын зерделедік. Оқырмандарының жалпы саны 6,2 миллионнан асады. Ойланатын жайт! Кез келген саяси оппозиция жолда қалады. Сонымен қатар, бұл адамдар орталық телеарналар мен негізгі интернет-порталдарда еркін көсіліп жүр. Антиваксерлер биліктің олардың алдындағы дәрменсіздігі мен үрейін көрген сайын өздерінің даңқы мен жазасыздығына мастанып жүр. Президенттің антиваксерлер туралы сөзінен кейін-ақ олар Денсаулық сақтау вице-министріне қол көтеріп, жазасыз қалды. Мұның бәрі билік пен жүйенің дәрменсіздігі туралы күдікті қоюлатып отыр. Көз алдымда антиваксерлер жастар үшін тартымды тұлғаға айналып жатыр», - деп кейиді белсенді.

Сарапшы мұның бір себебін азаматтық қоғамның қауқарсыздығынан көріп отыр. Ол бұл қауқарсыздықтың астарында азаматтық қоғамның алауыздығы жатқанын айтады. Ескі реніштер мен қызғанышқа бой ұрған бәсеке тараптардың бір мақсатқа жұмылуына кедергі келтіріп тұрса керек. Рахым Ошақбаев бұл істегі БАҚ-қа жүктелетін міндетке де ерекше тоқталған.

«Мен барша ақыл-есі дұрыс адамдарға бірігіп, вакцинацияны үгіттейтін Азаматтық штаб (жобалық кеңсе) сияқты ұйым құруға талпынбақшымын. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу, шектеулерді алып тастау және пандемиядан арылу үшін біз қарсы көрсетілімдері жоқ 5 миллион ересек отандасымызды вакцинаның қажеттігіне иландыруымыз керек. Алдағы 3 айға жоспар құрайық. Азаматтық қоғам қалыпты өмірге оралу үшін не істей алады? Біздің TALAP орталығы вакциналау туралы азаматтық науқанды қолдауға айына 3 млн теңге бөлуді ұйғарып отыр», - деп үндеу тастады белсенді.

Рахым Ошақбаевтың ұсынысы бойынша штабқа мүше болған адамдар күнделікті өмірде вакцинаның керектігін насихаттауы керек. Ол үшін мынадай қызметтерді үйлестіру қажеттігі туындайды:

- ақпаратты жинап, тексерумен айналысатын аналитикалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізу,

- вакцинаны үгіттейтін заманауи контент ұйымдастыру,

- WhatsApp-топтарда, басқа да әлеуметтік желі алаңдарында вакцинаны үгіттейтін контентті тарататын SMM-топтардың жұмысын үлестіру,

- бизнеспен, ірі жұмыс берушілермен, Ahyq көшбасшылармен және көш соңындағылармен жұмыс жүргізу.

- вакциналардың жанама әсерлері туралы сенім телефонын құру.

Рахым Ошқабев бұл жұмыстардың бәрін мүлтіксіз орындау үшін Азаматтық штаб құрамына мынадай мамандардың санатын шақырады:

- наразы түсініктегі адамдармен жұмыс істейтін дәрігерлер, инфекционистер,

- үгітшілер мен насихатшылар,

- вакцинация пунктерін бақылау, төлқұжат сатумен айналысатындарды тексеретін еріктілер.


Соңғы жаңалықтар