Рахман Алшанов: Қазіргі заманда біліксіздігіңді бір беттік диплом жасыра алмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жоғары оқу орындарына деген талап күшейіп келеді. Білім және ғылым министрлігінің сынынан, жалпы стандарттар мен талаптардан өтпей қалып жатқан университеттер мен институттар бар. Ай сайын бір жоғары оқу орнының лицензиясынан айырылғаны хабарланып, бүгінде университеттер «айылын жия» бастаған. Жоғары оқу орындарының бұлайша сұрыпталуының дұрыс-бұрыстығын ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтан сұрап көрген еді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Білім және ғылым министрлігі Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің бас лицензиясынан айырылғанын жария етті. Расында да кейінгі кезде тиісті стандарттарға сай келмейтін оқу орындарының өзі үлкен «емтиханнан» өтіп жатыр Былтыр министрлік мемлекеттік грант бөлінбейтін 36 жоғары оқу орнының тізімін жариялаған болатын. Одан бөлек 25 оқу орыны 60-қа тарта лицензиядан айырылғанын тағы хабарлады.

- Рахман Алшанұлы, лицензиясынан айырылған жоғары оқу орындары нақты қандай талаптарға сай болмай жатыр?

- Университеттердегі білім сапасына байланысты ата-аналар арыз жазған болатын. «Балаларымыз оқу бітіргенімен еш жерде оларды жұмысқа алмайды» деген шағымдар көбейгені белгілі. Сол тұста кәсіпкерлердің өзі де белгілі бір оқу орындарының түлектерін жұмысқа алудан бас тартып, кейбір жоғары оқу орындарының біліміне күмән келтірген. Шынымен де өкінішке қарай университеттер ашылды, көбі қайта жабылды. Шамасы келмеді. Бірі шетелден қаражат күтті, екіншісі өздері мұғалім жинап көріп еді – ол да болмады. Қазір қалғаны – шамамен 130. Түрлі жағдай болды. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігінің басшыларымен талай кездестік. Реттеңдер, керек болса біріктірген жөн дестік.

Жалпы жоғары оқу орындарының мәселесін шешудің бірнеше жолы ұсынылды. Біріншіден, шамалары келмесе біріккені, қосылғаны дұрыс. Керексіз мамандықтарды жауып, сауатсыз мамандарды даярлаудан пайда жоқ. Кейбір университеттер 55 мамандық бойынша оқытамыз деп міндет алып алған. Бірақ ойлап қарасаңыз, өңірлерге сол мамандықтарды бітіріп шыққан мамандардың керегі жоқтығын байқауға болады. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігімен кездескен кезде олардың алдына осы мәселені көтергенбіз.

Мысалы осында (елордада) 45 мамандық бойынша оқытатын бір университетте 27 мамандығында оқитын балалардың саны беске жетпейді екен. Ол қандай оқу? Кез келген білікті маманды даярлап шығу үшін кафедра ашу керек. Кафедрасыз студенттерді қалай оқытасың? Тиімсіз ғой. Балаларды алданып қалуы мүмкін.


- Кәсіпкерлер тарапынан да шағым болғанын естіп едік...

- Рас. Қазіргі заманда біліксіздігіңді бір беттік диплом жасыра алмайды. Бұрынғыдай емес. Кәсіпкерлер де, мемлекеттік органдар да қазір сенің бір беттік дипломыңды басты талап деп қарамайды. Тіпті өз таныстарын дипломына бола ала салған адамдар шығынға ұшырап жатыр. Міне, сондықтан қазір бәрі де білімге, сапаға қарайтын болды. Мысалы осыдан бірнеше жыл бұрын Таразда бір университет жабылды. Тексерсе, ол оқу орны Қырғыз Республикасынан келетін студенттерді ешқандай тестсіз ала берген. Күні кеше ғана Қазақ көлік академиясы Өзбекстаннан жастарды қабылдаған. Ал оларда сабақ жүрмеген. Осыған байланысты Өзбекстан тарапынан да шағым түскені белгілі. Мұның бәрі айналып келіп Елбасына, Президентке дейін жетті. Сондықтан Президент министрді шақырып алып, «қолдарыңнан келе ме, әлде жоқ па?» деп нақты талап қойды. Қазақ көлік академиясында екі жылда бес ректор ауысқан. Мұғалімдерінен де жұмысқа толық алынбағаны туралы шағым түсті. Ақыры бәріміз де істің бұлай жүрмейтінін мәселе етіп көтердік. Осындай олқылықтар болғандықтан мәселені реттеу керек болды. Заңға біраз өзгерістер мен толықтырулар енді. Оқу орындарының өздері қазір жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға мүдделі болып отыр. Әрине, түзейтін кемшілік әлі де баршылық. Дегенмен жұмыс берушілер де қазір университеттердің түлектеріне баға бере бастады.


- Осы жағдай қарапайым студенттерге қалай әсер етеді? Лицензиясынан айырылған оқу орнындағы студент грантта оқыса, болашағы не болады? Оқуын басқа университетте ақылы оқуға мәжбүр бола ма?

- Грантты студент ұтады. Сол себепті студент қайда барса – грант соның артынан жүреді. Ол жағынан студентке қорқудың қажеті жоқ. Бүгін Шымкентте оқыған бала ертең Түркістанға немесе Қызылордаға барып оқи алады. Грантты ұтқан бала – сол гранттың иесі. Ол университеттің емес, студенттің гранты. Ал егер студентке университет тарапынан грант берілген болса, онда келісімшартқа байланысты келіссөз жүргізіледі.

Бізге ең алдымен маман дайындау керек. Жыл сайын бізде студенттерге 70 мыңға тарта грант беріледі. Магистратура мен докторантураға да грант көбірек бөлініп жатыр. Қазір «баламызды оқыта алмаймыз, ақша жоқ» деп отыратын заман емес. Баланы грантта оқытуға болатын жағдай баршылық. Бірден академик болғысы келетіндер де бар. Колледждер мен техникалық колледждердің де әлеуеті зор. Бастысы оқу керек.


- Қазақстанда жалпы 130-ға тарта ЖОО бар ғой. Солардың қаншасы лицензиясынан айырылуы мүмкін?

- Сол 130 университеттің ішіндегі 10-15-і сол баяғыдан бері мәселесі көп жоғары оқу орындары. Сапасы нашар олардың. Шағым да жан-жақтан көп түседі. Тізімде лицензиясынан айырылып жатқандар солар. Бәрі жаппай қысқарып жатқан жоқ.


- Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар