Радикалды ағымдармен күресте дінаралық конфессия маңызды рөл ойнайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда, әлемдік мемлекеттерде кеңінен таралған діни плюрализм мен діннің қоғамдық орнын талап ету мәселелері дәстүрлі үлгілер мен қатынастарға үлкен сын болып, зор қысым туындатып, белгілі бір өзгерістерге мәжбүрлеп отыр.

Зайырлылық идеалы түрлі сенім жүйелері бар барлық азаматтарға, түрлі идеологиялар өкілдеріне бір-бірін дискримианциялауға жол бермейтін қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттің дінге бейтарап қатынасы тек зайырлы мемлекет аясында ғана қамтамасыз етіледі. Дегенмен, секуляризмді дінді қоғамдық өмірдің барлық салаларынан ығыстырып шығару емес, дін мен мемлекеттің бөлінуі деп түсіну қажет. Секуляризм либералды, консервативті, діни және атейстік және тағы басқа көзқарастарды қамтып, үйлестіруші жүйе ретінде құрылуы керек. Сонымен қатар белгілі бір діннің қоғам және мемлекет өміріндегі доминантты позицияға ұмтылуына жол берілмеуі тиіс. Зайырлы мемлекет зайырлылық ұстанымды қатаң құғындаушылық идеологияға айналдырмай, керісінше мәдени және діни плюрализм жағдайында түрлі топтардың бейбіт өмір сүріп, көзқарастар алуандылығын сақтаудың бір құралы немесе жолы ретінде қарастырыуы тиіс.

Қазіргі таңда мемлекеттердің басым көпшілігі зайырлы болып табылады, діни көзқарас қоғамдық және саяси өмірде басым болатын жағдайлар әлемдік мемлекеттердің тәжірибесінде санаулы ғана. Зайырлы мемлекеттердің басым көпшілігі діннің қоғамдық өмірдің маңызды салаларында ықпал ету және маңызды рөл атқаруына төзімсіздікпен қарап, оның ұмтылыстарын шектеп отырады.

Қазақстан Республикасының көпұлтты және көп конфессионалды сипатын есепке ала отырып, зайырлы ұстанымының маңыздылығын теріске шығаруға болмайды. Дегенмен, өзге мультимәдени қоғамдары бар, батыс елдеріндегі мемлекет түзуші және мәдениеттің қалыптасуында ерекше орын алған діндерге басымдық беру тәжірибесін ала, зайырлы қағидатты ұстана отырып, мемлекет және белгілі бір діндер арасындағы кооперациондық, яғни серіктестік үлгінің әдіснамалық негізін қалыптастыруы тиіс.

Жаңа діни ұйымдар қоғам үшін, әсіресе, мемлекеттік органдар үшін күрделі мәселелерді қойып отыр: біріншіден, елдегі соңғы жылдары дамыған діни плюрализмнің аясында дәстүрлі құндылықтар мен ұлттық мәдениетті сақтау мәселесін шешу, екіншіден, трансұлттық исламдық саяси идеологиялар мен күштердің радикализациясы мәселесінің өршігіп кетуінің алдын алу шаралары, үшіншіден, елдегі соңғы кездегі дінге қатысты орын алған келеңсіз жағдайларды болдырмау және елдегі экстремистік идеялардың

таралуының алдын алу мақсатында, жалпы халықтың діни сауаттылық пен діни қызметкерлердің ілімдік мәселелерін белгілі бір деңгейде реттеу. Осы орайда, Қазақстан Республикасы үшін қазіргі таңдағы қоғамдық шынайылылыққа байланысты, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыруда аталмыш екі институттар арасында ешқандай байланыс болмау керек деген қағидаттан алшақтап, серіктестік қарым-қатынастар үлгісін қалыптастырған жөн. Себебі әлемдегі және қазақстандық қоғамдық-саяси өмірде діни фактор рөлінің өсуі мемлекеттің осы мәселеге мұқият назар аударуын, дінге негізделген түрлі жағымсыз үрдістердің алдын алуда, азаматтардың сенім бостандығын қамтамасыз етуде діни ұйымдармен серіктестік қатынастар түзуін талап етеді. Осындай мәселелерге байланысты, Қазақстан Республикасы үшін мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың еуропалық тәжірибесін жақынырақ қарастыру маңызды. Әсіресе, ұлттық мәдениет пен ділдің қалыптасуына зор үлесін тигізген екі дәстүрлі конфессияларға қоғамдық өмірдің маңызды салаларында үлкен мүмкіндіктер мен артықшылықтар берген Германиядағы мемлекеттік-конфессионалдық қатынастар үлгісінің бірқатар тұстарына назар аударған лазым.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың кооперациялық үлгісінің даярлануына, өзге елдердегі тәрізді белгілі әлеуметтік-мәдени алғышарттар мен тәжірибе қалыптасқан емес. Дегенмен, тәуелсіздік жылдардағы демокартиялық және азаматтық қоғамның қалыптасуы аталмыш үлгінің қалыптасуына зор мүмкіндіктер ұсынып отыр. Сол себептен, мемлекеттік органдардың діни ұйымдармен (дәстүрлі діндер) ынтымақтастық қарым-қатынастарды кеңейтіп, олардың негізгі бағыттары мен мазмұнын анықтау қоғамдағы дінге негізделген радикализм, экстремизм құбылыстарына тосқауыл қойып, діни тұрақтылықты сақтау тек ұтымды болмақ. Қазіргі таңдағы мемлекет және дін арасындағы қатынастардың үлгілеріне концептуалды талдау жасау мемлекеттің ұлттық мәдениет пен тарихта ерекше орын алатын діндерге басымдық беру өзге жаңа діни ұйымдардың құқықтарын шектемейтіндігін көрсетті. Осы орайда, дәстүрлі діндердің радикалды және экстремистік діни идеяларға қарсы төтеп беруіндегі зор рухани әлеуетін қолдана отырып, олармен қарым-қатынасты күшейту тиімді болмақ. Мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың кооперациялық үлгісінің концепциясын даярлау міндетті түрде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен құқықтық заңнамаларының аясында қарастырылуы тиіс.

Сихимбаева Дамира, PhD докторы

Соңғы жаңалықтар