Радикал ағымдағылар қылмыстарды да ақтайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Деструктивті діни ағымдар дінді жамылып, түрлі қылмыстарды ақтауға әзір. Мұндай тенденцияны сұхбаттасқан бірқатар теолог ғалымдар растап отыр.

Радикал сәләфит ағымына әдетте бұрын намаз оқымаған, қылмыстық істерге барған адамдар да жиі түседі.

Бұл кісілер сол бұрынғы әдетін тастамайды. Бірақ, бұл жолы Құдайдың атын жамылып, қылмыстардың көпшілігін «заңдастырудан» тартынбайды.

Бұл ағымның ықпалындағы адамдардың психологиялық портретін теолог, дінтанушы Серікжан Еншібай жасады.

«Әдетте, олар ешкімге бағынышты жұмыс жасағысы келмейді. Бастықтың қоластында жұмыс жасау – оларға жат болады. Бұрын бұлар дінге еш бет бұрмай тұрғанда заңсыз істермен айналысып келген. Дінге бет бұрғанда сол әрекеттерін тастамаған. Түрлері, сыртқы бейнесі өзгергені, намаз оқығаны болмаса. Көбінесе құқық қорғаушылардың анықтаған деректері экономикалық контрабанда, мұнай ұрлау, ақша бопсалау. Ұрланған телефондарды сатумен, телефон жөндеу, көлік бөлшектерін сатумен айналысады», - деді Серікжан Еншібай.

Не оқуы, не жұмысы жоқ жастар көсемдерінің айтуымен «амалға» көшеді. Мұнай құбырын тесіп, мұнай ұрлау, таксистерді «есепке отырғызу» жиі кедеседі.

«Сіз кәсіпкерсіз. Сіздің офиске флешка лақтырады. Ішінен word құжаты шығады. Сіздің кіріс-шығысыңыз мынадай, балаңыз мектепке барады, қызыңыз университетке барады. Тыныш өмір сүргің келсе мына жерге мынадай қаражат апарып тұрасың. Мұндай қоқан-лоқыға тек бизнесмен емес, шенеунік, құқыққорғау органдарының өкілдері де түсуі ықтимал», - деді дінтанушы, теолог Асқар Сабдин.

Ол бүгінде радикалды ағымның бизнесінде жасырын қаржыландыру барын айтады.

«Олар тауарды сырттан өз құнынан анағұрлым арзанға әкеледі. Сондықтан, олардың үстінен көретін пайдасы көп. Оны ешбір мемлекеттік орган әшкерелей алмайды. Ең қауіптісі, бизнес арқылы қаруға, коррупцияға келеміз. Діни негізден туған сыбайлас жемқорлық пайда болады. Былтыр бірнеше іс қозғалды. Жауапты шенеуніктерді де осы іске тартады. Өз ықпалын жүргізетін коридор іздейді. Олар мұны пара деп емес, Аллаһ жолында берілген сыйлық деп санайды. Діни экстремизмнің бір жолы, «лазейкасы» діни негізделген сыбайлас жемқорлық. Белгілі адамдарға жақындап, өз ағымын қазақстанға кіргізеді. Анализ жасасақ, осындай қадамдар жасалғаны бізге анық», - деді Асқар Сабдин.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың осы түрі түбі лаңкестікке апарады.

Осы ретте, дінтанушы Серікжан Еншібай өзінің практикасында болған оқиғамен бөлісті.

«Атырауда мұнай саласында және басқа да салаларда мамандар дайындайтын шетелдіктер ашқан АРЕС деген колледж бар. Соның екі студенті - бірі қазақ, бірі күрд: «Біз Сирияға бара жатырмыз», - деп елден ақша жинаған. Бастапқы мақсаттары шынымен кету болды ма, болмады ма, білмейміз. Екеуі де дін ұстанатын адамдар болса да, ақшаны жаман жолға жұмсап қояды. Айтқанымыздай, олардың көпшілігі бұрын бей-берекетсіз өмір сүрсе, кейін де сол өмірін жалғастыра береді. Ал білместікпен, байқамай сотталғандар да бар. Сириядан көптеген видео келеді: «Мұсылмандар аш-жалаңаш, қырылып жатыр. Балалар ата-анасыз қалды» деген. Сол кезде діннен хабары жоқ адамдар балаларға жаны ашып, есепшот арқылы ақша аударған. Кейін сол адамдар терроризмді қаржыландыру, насихат жүргізуге қатысты баппен істі болды. Ондай оқиғалар бар», - деді Серікжан Еншібай.

Атап өтілгендей, алдап-арбаумен қатар, жат діни ағымға ергендер жасаған қылмыстарын да адал деп есептейді. Мәселен, ақтөбелік келіншек ұрлап алған заттарын адал жолмен тапқан олжа деп түсінгенін айтады. Себебі ол намаз оқымайтын «дінсіздердің» заттарын рұқсатсыз алуды «халал» деп сенген.

«Қазір сол әрекеттерім үшін қатты ұяламын. Талай »сестралардың« сұғанақтығын көзіммен көрдім.

«Бір рет қолыма қолғап сатып алдым. Ол кезде ниқабпен жүремін. Сыртқа шыққанда қасымдағы »сестра« тап менікіндей қолғапты қалтасынан шығарды. «Ана дінсізден сен ақша беріп алдың, ал мен тегін алдым. Намазда жоқ адамдардан үнемі тегін алып кетемін. Олардың обалы жоқ» деп айтатын», - деді оранған қыз.

Радикал ағымдағы азаматтардың өз ісіне нақ бекігені соншалық, шетелдегі жиһадқа қай жолмен болсын қол ұшын тигізуді мақсат еткен.

Тіпті, олардың арасында жары мен баласын тастап «маджахедтерге» жыныстық қызмет көрсетуге шетел асқандар да бар. Олар да мұны құдай жолында жасап жатқан сауабым деп санайды.

Соңғы жаңалықтар