Рәбиға Сыздықова: Жаңа әліпбидің емле ережелері халықтың мүддесінен шығуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің емле ережелері ең алдымен соны пайдаланатын халықтың мүддесінен шыға білуі керек. 

Астанада өтіп жатқан «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияға жолдаған видеожолдауында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әліпби әйтеуір қабылданады. Бірақ, оның ең қиыны - емле ережелерінің түзілуі. Ең негізгі принцип - қабылданатын әліпби ең алдымен соны пайдаланатын халықтың мүддесінен шыға білуі керек. Кирилл қарпіне көшкен кезде көп талас болды. Енді қазіргі әліпбиде біз қалай жазамыз? Кирилл қарпін қолданған кезде білмеймін барлығы келісе кеткен болуы керек: «и» әрпі әрдайым жіңішке дауысты дыбыс деп есептеліп, «у» жуан әрі дауысты деп есептелді де, екеуінің алдына не «і», не «ұ», не «ы» жазылмайтын болды. Ал негізінен «Туыс» деген сөз мысалы «Тұуыс» деп жазылуы керек», - дейді Рәбиға Сыздықова.

Оның айтуынша, кезінде ««у» мен «и»-дің алдынан «ы», «і»-лерді жазамыз ба, жоқ па?» деген сауал біршама талқыға тақырып болған.

««Ендігі қадамымыз не болмақ? Келісіп алу керек. Не мына кирилл қарпіне көшкен кездегі қағидатты ұстап, «и»-ді әрдайым жіңішке дейік пе... Бірақ сөз жоқ онда ескерту жүреді. Себебі, «сый», «мый» деген сөздерде мыйды «ми» деп жазуға болмайды. Ең бірінші қауіп - тілімізді, тіліміздің фонетикасын бұзып алмайық. Бірден ауытқымайтын, өзгертпейтін етіп, ережені қабылдау керек», - дейді ол.

Рәбиға Сыздықова өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басынан бастап он жылдай қолданылған латын әліпбиінің тәжірибесінен керек жерін алу керек деп есептейді.

«Тіл деген миллиондар пайдалатын нәрсе. Тілді қайта-қайта бұза беру халықтың өзін, ойлау жүйесін, жалпы ұлттың өзіне тәжірибе жасаумен бірдей. Сондықтан, мейлінше қайта-қайта өзгерте бермейтіндей етіп, ережелерді бекіту керек. Жиі қолданатын дыбыстар, әріптер бар. Сонысына да қарау керек. Бұл өте жауапты іс», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар