Р. Халмұрадов: Мақта талшығының тұрақтандыру қорын құру қажет
2013 жылғы 19 маусым 16:25

Р. Халмұрадов: Мақта талшығының тұрақтандыру қорын құру қажет

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов мақта талшығының тұрақтандыру қорын құру туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Депутаттың сөзіне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту мақсатында 2005 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Аталған арнайы аймақ құрылғалы бері тартылған жеке инвестицияның көлемі 29,4 млрд. теңгені құрапты. Аймақ аумағында 5 жоба жүзеге асып, тағы 8 жоба іске қосылу үстінде. Оларда бүгінгі күнде 970 жаңа жұмыс орны ашылған еді.

«Дегенмен, 2011 жылы кәсіпорындардың жұмыс істеу қабілеті төмендей бастады. Ол шикізат алуға айналым қаражатының тапшы болуына байланысты орын алуда. Тоқыма кәсіпорындарында технологиялық ерекшеліктері бар, яғни өнімді өндіру және өндірілгенді сату операциясы жалпы алғанда жеті-сегіз ай мерзімді қажет етеді. Осыған орай мақта жинау уақыты аралығында мақта талшығын сатып алуға бір мезетте айналым қаражатының үлкен көлемін қажет етеді және ұзақ уақыт, кемінде 2-3 жылдық мерзімді болуы керек. Өйткені өндірісті тоқтатпау үшін, бір жылға шикізат алу керек. Ал өндірісті 30 % тоқтатқан уақытта шикізаттар станоктарда шала өнім болып қалып қояды», - дейді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы тоқыма өнеркәсібінің тиімділігі 5-7 пайызды құрайды және қайта өңдеу тігін процесіне жеткенде ғана тиімділік 30-35 пайызға артады. Дегенмен, заманауи технология және техникамен жабдықталған корпорация «Textiles.kz» («Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ), «OxyTextile» ЖШС шикізаттың жетіспеуінен, толықтай тоқтап тұр. «Себебі елімізде өзіміздің шикізат, яғни 126 мың тонна мақта талшығы өндірілгенімен оның 95% экспортталады. Ал еліміздегі заманауи жоғары технологиялы өңдеу өндірісі тоқтап тұр. Аталған жағдай жоғары қосымша құнды алу үшін, ел ішіндегі мақта талшығын қайта өңдеуді ынталандыру тетігінің болмауы нәтижесінде орын алып отыр. Осы мәселелердің шешімін табу және шикізаттың бағасын тұрақтандыру мақсатында жылдық қажетті шикізатты белгіленген бағаға сатып алатын және онымен тоқыма кәсіпорындарын қамтамасыз ететін мақта талшығының Тұрақтандыру қорын құру қажет деп есептейміз. Тұрақтандыру қорын құру үшін 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетте тиісті қаржы қарастырып, оны құруды «ҚазАгро» Ұлттық холдингтің құрамындағы «Қазақ мақта корпорациясы» АҚ немесе «Қазақ мақтасы» АҚ-на тапсыруға болар еді», - дейді Р. Халмұрадов.

Jańalyqtar

MURAǴAT