Qoldau.kz арқылы рәсімделген субсидиялар бойынша 26 млрд теңге қарыз бар – АШМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Qoldau.kz платформасы арқылы рәсімделген субсидиялар бойынша 26 млрд теңге қарыз анықталды. Бүгінде оның жартысы жабылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде gosagro.kz ақпараттық жүйесіне 14 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Берілген өтінімдердің сомасын есептесек 160 млрд теңгені құрайды. Қазір 6 млрд теңгеден астам сомаға өтінім мақұлданды, енді төлемді күтіп отыр. Себебі алдыңғы жылдан қарыздар бар. Біз Qoldau.kz платформасынан бәрін шығарып, өзіміздің ақпараттық жүйеге (Gosagro.kz) ауыстырдық. 26 млрд теңгеге қарыз жиналып қалған. Шаруалар өтінім бергеннен кейін біз неге қаржы ала алмаймыз деп жатады. Біз жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасымен байланыстамыз, олардың айтуынша қарыздары бар», - деді Бағлан Бекбауов Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, өтінім беруші алдымен бұрынғы берешегін жабуы керек.

«Бүгінде 26 млрд теңге қарыздың жартысы жабылды. Мәселені шешу үшін біз 24/7 режимінде жұмыс істеп жатырмыз. Көтерілген мәселелерді оперативті түрде шешуге дайынбыз», - дейді ол.

Еске салсақ, осыдан бірер күн бұрын министрлік Qoldau.kz арқылы рәсімделген субсудияларға қатысты мәліметтердің тексерілетінін хабарлаған еді.

Бұған дейін елімізде ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мәселелеріне қатысты әлеуметтік желіде жұмыс чаттары құрылып, одан бөлек «бір терезе» қызметі іске қосылғаны туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар