QazVac вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы есеп әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігі отандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасының қауіпсіздігі бойынша есеп әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, қазіргі уақытта вакцинаны зерттеу Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес штаттық режимде жүріп жатыр.

«Алматы және Тараз қалаларында тиісті GCP сертификаттары бар клиникаларда зерттеу жүріп жатыр. Барлық еріктілер апта сайын дәрігерлерге денсаулығының жай-күйі туралы хабарлайды, клиникаларға үнемі келіп тұрады, оларды дәрігерлер бақылайды және еріктілерден вирусқа тән антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де сынама алынады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцинаның қауіпсіздігі туралы есеп дайындады.

«Есеп Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі және вакцинаның тиімділігі туралы да есеп әзірленеді. Мұнда біз еріктілерді клиникалық базаларымызға шақырамыз, олардан сынамалар аламыз және осы сынамаларды өңдеу нәтижелері бойынша тиімділікке байланысты түпкілікті деректер көрінетін болады», - деп түсіндірді М.Дәуленов.

Бұған дейін спикер еріктілердің клиникалық зерттеуі қалай өтіп жатқанын айтып берген еді.

Сонымен бірге, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр.



Соңғы жаңалықтар