«QazVac» вакцинасының 3-клиникалық сынағы қашан аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария «QazVac» отандық вакцинасы клиникалық сынағының 3-сатысы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта дүниежүзінде клиникалық сынақтың 1, 2 және 3-сатысынан өтіп жатқан вакциналарды «кандидаттық вакциналар» деп атайды. Олардың саны 200-ден асады. Соның ішінде біздің вакцинамыз 14-ші болып клиникалық зерттеуге шықты және әлемде 5-ші болып адамдарға егуге рұқсат алды. Вакцинамыз инактивтелген, яғни өлтірілген вирус технологиясы бойынша әзірленеді. Бұл технологияның қолданылғанына 60 жылдан астам уақыт өтті және ол толық зерттелген. Оның ішіндегі құрам-бөлік заттар бұрыннан белгілі және оны бірнеше буын ұрпақ алған. Балаларға егілетін көптеген вакцина осы технология бойынша әзірленеді. Яғни, оның құрам-бөліктері үлкен қатер тудырмайды, зарарсыз. Ағзаға еш қатері жоқ. Бұл технологияға тек SARS-CoV-2, коронавирус ауруын қоздыртатын вирус қана қосылады», - деді Күнсұлу Закария Білім және ғылым министрлігінің Instagram-парақшасында өткен онлайн брифинг барысында.

Оның айтуынша, әлемде әзірленіп, пайдалануға берілген вакциналардың ешқайсысы клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтпеген.

«Зерттеулер әлі жалғасып жатыр. Біреулері клиникалық сынақтың 3-сатысына енді шығады. Мысалы, «Спутника V» осы жылдың мамыр айында клиникалық сынақтың 3-сатысынан толық өтеді. Ал «QazVac» вакцинамызға осы жылдың шілде айында клиникалық сынақтың 3-сатысы аяқталады. Сол уақытта өзіміздің зерттеулердің толық нәтижесін аламыз»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар