QazVac вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі шілденің ортасында аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық вакцина жасаушылар QazVac вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі шілденің ортасында аяқтамақ. Денсаулық сақтау министрлігі осы үшінші кезеңнің қорытындысы қашан жарияланатыны туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шілде айында сынақтардың үшінші кезеңінің алты айлық мерзім аяқталады. Бұл мерзім шілде айының ортасында болады. Тиісінше осыдан кейін клиникалық сынақтардың үшінші фазасы бойынша тиісті есептер ресімделіп, дәрілік заттарды сараптау орталығына беріледі. Соңғы қорытындының қашан шығатыны екпені әзірлеушілердің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына егжей-тегжей есепті қашан толық өткізетініне байланысты», - деді вице-министр Марат Шоранов.

Сондай-ақ, ол QazVac вакцинасының Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуіне алынуы туралы пікір білдірді.

«Біздің QazVac вакцинасы бойынша Отардағы Биологиялық қауіпсіздік институтының ғалымдары қазір Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен жұмыс істеп, өз өтінімдерін толтырып жатыр. Сонымен қатар тағы бір ұйымдастыру жұмыстары бар. Енді біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарымен бірге кестеге енгізуге тырысамыз. Қарағандыда шығатын «Спутник V» вакцинасының бізде тек құтыға құйылатынын білесіздер. Жалпы Ресей Федерациясы ДДСҰ-мен бірге жұмыс істеп жатыр. Жақын арада бізге мәлімет түсуі керек. Ол енді ДДСҰ-да тіркелсе, дүниежүзі мойындаған деп есептеледі», - деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар