«QazVac»-тың вирусты бейтараптандыру қабілеті «Hayat-Vax»-тан жоғары – Күнсұлу Зәкария

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария QazVac вакцинасының тиімділігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazVac вакцинасын салған ағзаның иммундық реакциясы қандай деңгейде болатынын тірі вирусты бейтараптандыру реакциясы айғақтай алады. 3244 адамға жүргізілген үш фазалы клиникалық зерттеу мен 200-ден астам еріктіге хаттамадан тыс жасалған зерттеу QazVac вакцинасы салынған адамдардың 95%-дан астамында SARS-CoV-2 вирусына вирус бейтараптандыратын антидене қалыптасқанын көрсетті», - дейді маман.

Вакцина жасаушы топтың жетекшісі Нұр-Сұлтан қаласында жасалған зерттеуге қарап QazVac-тың тиімділігіне біржақты баға беруге болмайтынын ескертіп отыр.

«Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханада жүргізілген сынақ иммундық-ферменттік талдау арқылы жүргізілді. Мұндай тәсілмен вакцинациядан кейінгі антиденені вирус жұқтырып ауырғаннан кейін қалыптасатын антиденеден ажырату мүмкін емес. Қазір ел ішінде симптомсыз коронавируспен ауыру нәтижесінде пайда болған антиденелері бар адамдар көп. Сондықтан иммундық-ферменттік талдау мәліметтері бойынша вакцинация нәтижелерін және оның тиімділігін бағалау дұрыс емес», - дейді ғалым.

Күнсұлу Зәкария Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған жетекші вакциналардың өзі туралы түрлі зерттеулердің әркелкі нәтиже көрсеткенін еске салды.

«Соңғы жарияланған деректердің бірінде Қытайда жасалған вакцинаның тиімділігі 52%-дан аспайтынын, ал Pfizer вакцинасының тиімділігі 64% деп түзетілді. Бұл көрсеткіш нақтылауды қажет етеді. Дегенмен зертханалық тестілеу қорытындысы бойынша бұл вакциналардың иммунитет қалыптастыру қабілеті 90-95 пайыздан жоғары деп бағаланған болатын. Жарияланып жатқан нәтижелер зерттелген вакциналардың тиімділігін нақты көрсете алмайды деп есептейміз. Сондай-ақ, зерттеулер вакцина егілгеннен кейін қандай мерзімде жүргізілгені белгісіз күйінде қалып отыр», - дейді орталықтың бас директоры.

Маман QazVac вакцинасына жасалған сынақтың III фазасы екпенің тиімділігін көрсеткенін айтады.

«Вакцинаны бағалау қорытындысы 79% және одан жоғары болса, бұл барлық вакциналар үшін, соның ішінде аттың жалы, түйенің қомында шығарылып жатқан QazVac үшін өте жақсы нәтиже деген сөз.

QazVac вакцинасының COVID-19-дың алдын алуға тиімді екенін клиникалық зерттеулердің III фазасы көрсетті. QazVac вакцинасынан кейін пайда болған антиденелердің вирусты бейтараптандыру деңгейі Қытай шығарған вакцинаға (Hayat-Vax) қарағанда едәуір жоғары және Спутник-V вакцинасынан 1-2 саты ғана төмен. Яғни, QazVac және Спутник-V вакцинасынан кейін пайда болған антиденелер вирустың британдық және үнділік штамдарынан сенімді қорғайды. Ал Hayat-Vax-тың қабілеті бұл тұрғыда өте әлсіз», - дейді ғалым.


Соңғы жаңалықтар