QazCovid вакцинасын алған еріктілердің жағдайы қандай

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облыстық жедел штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев вакцинацияға дайындық барысын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда облыс әкімінің сұрағына денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді.

«Жамбылдықтарға екі вакцина ұсынылады. Оның бірі – ресейлік «Спутник V», ал екіншісі қазақстандық вакцина. Жаппай вакцинациялау үшін 140 медициналық қызметкер оқытудан өтті», - деп жауап берді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев QazCovid-вакцинасын сынақтан өткізу аясында коронавирусқа қарсы вакцина алған еріктілердің жай-күйін сұрады.

«Оларда барлығы жақсы, денсаулығындағы көрсеткіштер қалыпты», - деп жауап берді Ә.Қалиев.

Аймақ басшысы вакцинация мәселесін ерекше бақылауда ұстап, бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын облыстың әрбір тұрғынына жете түсіндіру қажет, өйткені мұның бәрі олардың денсаулығы үшін жасалуда», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы облыс орталығындағы және жағдайы нашар аудандардағы коронавирус бойынша жауапты тұлғаларға жүгінді. Әкімдердің орынбасарлары бұл мәселені бақылауда ұстап, ахуалды жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарына сендірді.

Жиын соңында өңір басшысы облыстық ішкі саясат басқармасына коронавирустық инфекция мәселесі бойынша түсіндіру шараларын күшейтуді, ардагерлер кеңесімен де ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырды. Өйткені, осы аға буын өкілдері қазір тыйым салынған тойлардан қалмайтынын, бұл олардың денсаулығы үшін өте қауіпті екенін жеткізіп, аймақтағы беделді ақсақалдар оған ықпал ете алатынын алға тартты.

«Расында, тұрғындар босаңсып кетті, содан облысымыз «сары« аймаққа ену қаупінде тұр. Мұның салдары сіздерге белгілі. Қазір әрқайсымыз коронавируспен күреске бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Еске салсақ, Qaz Covid-in мен Спутник V вакциналарының айырмашылығы қандай? Бұл сұрақтың жауабын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева айтып берді.

Бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 1 ақпаннан бастап егілетіндігі хабарланды.

Сонымен қатар 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды. Ал Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге вакцинация мәселесінде дүрбелеңге жол бермеуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар