QazCovid-in: Отандық вакцинаны шығару мерзімі қашан және ерікті ретінде кімдер таңдалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы пандемия білім саласына бұрын-соңды біз естіп көрмеген өзгерістерді енгізді.

Індеттің алдын алу үшін елдегі оқушылардың басым көпшілігі қазір оқуды амалсыз «сырттай» оқып жатыр. Адамзат коронавирусты әлі еңсерген жоқ. Осы індетке байланысты Қазақстанның білім саласын 2021 жылы тағы қандай өзгерістер күтіп тұр? Қазақстандық вакцинаның жайы не болды? Ол оқушыларға салына ма? Бұған қатысты сұрақтарға бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы еліміздің медицина саласындағы ғылыми-зерттеу институттары коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеген болатын. Сол вакцинаны өзіне салдырған азаматтардың бірі – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың өзі. Баспасөз мәслихатында журналистер вакцина салдырған министрдің жағдайын сұрады. Оның жауабына сенсек, Қазақстан ғалымдарының үлкен әлеуеті бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің ғалымдар ауқымды әрі керемет жұмыс жүргізді. Кейде ғалымдарымыздың қандай деңгейде екенін түсінбей жатамыз, кейде оларға қатысты пікірлерді де оқып тұрамын. Мүмкін өзіміз де дұрыс жеткізбейтін шығармыз. Бірақ ғалымдарымыз осындай керемет вакцина дайындап шығарды. Бұл вакцина өте қысқа мерзімде дайындалды. Мамыр айында дайын болып, клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіліп біткен соң, бірнеше ғалым өздеріне осы екпені салып, әрі қарай олардың анализдерін көріп, екпе бойынша еш қауіп жоқ екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, осы жұмыспен айналысып, күнделікті осы ақпаратты алып жүрген соң, мен де ғалымдарымызды қолдау үшін осы екпені өзіме салдыру туралы шешім қабылдадым», - деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына.

Министр екпеден кейін антиденелер пайда болса да, қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенін жеткізді.

«Екпені тамыз айында алдым, өздеріңіз көріп отырсыздар, бірнеше ай өтті. Ешқандай дене қызуы, басқа да қиындықтар болған жоқ. Иммунитет бойынша тиісті антиденелер пайда болды. Оны мен Алматыға барып, зерттеу болып жатқан зертханаға қанымды тапсырғанда көз жеткіздім. Бірақ, осындай иммунитет пайда болса да, қазіргі уақытта да біз санитарлық талаптарды бұзбауымыз керек. Маска тағып, арақашықтықты сақтап, барлық талапты назардан тыс қалдырған емеспін», - деді Асхат Аймағамбетов.

Қазақстандық вакцинамен қатар елде ресейлік вакцинаның да өндірісі басталғаны белгілі. Тілшілер министрге сол вакциналар оқушыларға салына ма деген сұрақты да қойған болатын.

«Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден, бірінші және екінші фазадан өтіп, клиникалық зерттеудің шешуші үшінші фазасына келді. Біз бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасап жатырмыз. Барлық принцип пен норманы сақтауымыз керек. Бұл өте маңызды, өйткені әңгіме халықтың қауіпсіздігі жайында болып отыр, сондықтан біз әрбір рәсім бойынша барлық талаптарды сақтаймыз. Наурыз айының ортасында бұл вакцинаны шығарып, азаматтарға екпе бастауды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жерде вакцинаны дайындауға қатысты ғылыми мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жататынын, ал вакциналаудың одан әрі мәселелері министрлік құзыретіне кірмейтінін еске салғым келеді», - деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына.

Министрдің айтуынша, мектеп оқушыларын екпе салдыруға ешкім мәжбүрлемейді. Мектептердегі медициналық бөлім бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіне берілген. Сондықтан бұл мәселеге алдымен сол министрлік жауапты.

2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау жұмысы аяқталады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылған. Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады.

Баспасөз мәслихатында сонымен қатар Асхат Аймағамбетов қазақстандық вакцинаны салдыруға ерікті болу жолдарын айтып берді. QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі басталып кеткен. Ол вакцина үш мың еріктіге салынады.

«Ерікті болу өте оңай. Алматы, Тараз қалаларында ерікті болу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Алматыда тиісті сертификаты бар бірнеше клиникалық базаларда скрининг және еріктілерді вакциналау жүріп жатыр. Қажет болса, бізде байланысуға болатын нөмірлер бар. Ерікті болу үшін олар міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі керек. Олар көптеген егжей-тегжейлі анализдер тапсырады. Анализден өткен соң келісім жасалады, шарттар айтылады және өмірді сақтандыру мәселелері келісіледі. Заңнамаға сәйкес басқа да нюанстар бар. Осыдан кейін ғана ерікті болып, вакциналар қабылдайды. Екпе салынғаннан кейін де келісімде көрсетілген талаптар бар», - деп жауап берді ол.

Асхат Аймағамбетов сонымен қатар мектеп оқушыларын үшінші тоқсанда оқыту тәртібіне қатысты Ведомствоаралық комиссия шешімін түсіндірді.

Еске сала кетсек, бұған дейін министр үшінші тоқсаннан бастап ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер дәстүрлі форматта оқытылатынын мәлім еткен болатын.

«Әсіресе ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер, сонымен қатар қиындық тудырып отырған пәндер де дәстүрлі форматта оқытылады. Сондықтан бұл мәселе бойынша сабақ кестесіне дейін әдістемелік ұсынымдарды дайындап, бүгін жібереміз. Үшінші тоқсаннан бастап талқыланған тәртіп бойынша жұмыс жүргіземіз», - деген еді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында министр бұл өте маңызды шешім екенін айтып өтті.

«Бұл оқу тәртібі мемлекеттік емтихан тапсыратын балаларға да қатысты. Мектеп түлектері жайлы айтып отырмын. Оларға білім алудың маңызы өте зор. Сол себепті біз оқушылардың 70 пайызы дәстүрлі форматта, ал 30 пайызы қашықтан оқитынын айтып отырмыз. Әсіресе Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты пәндер дәстүрлі форматта оқытылады. Қалғанын қашықтан оқытамыз», - деді министр.

Ол сонымен қатар бұл ретте санитарлық талаптар қалай сақталатынын жеткізді.

«Бір кабинет болады. Қоңырау әртүрлі уақытта соғылады. Әлеуметтік қашықтық сақталады. Бұған дейінгі санитарлық талаптар күшінде қалады. Өзгеріс жоқ. Біз Білім және ғылым министрлігі ретінде балалардың дәстүрлі форматта оқуын қалаймыз. Алайда басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын санитарлық нормалар тағы бар», - деп түйді министр.


Соңғы жаңалықтар