«Qazaqstan» арнасында тікелей эфирді көбейттік - Ләззат Танысбай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жобаларының жаңа маусымы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай ұлттық арнаның 61-ші маусымы ашылатынын еске салды және жаңа жобалар жөнінде баяндады.

«Ең алдымен тікелей эфирде көпшіліктің қатысуымен, көрерменнің араласуымен боямасыз өтетін жобаларды көбейттік. Мақсат – талапшыл да сыншыл аудиториямыздың сұранысына жауап беру. Мысалы, күн сайын кешкі сағат 20:30-да қоғамда қызу талқыға түскен мәселелерді Ұлттық арнаның тікелей эфирінде «Ashyq alañ»-нан көре аласыздар. «Ashyq alañ»-да қоғам өкілдері мен Үкіметтің түрлі буындарындағы жауапты тұлғалар кездесіп, мәселені ашық талқылайды. Оған көрермендеріміз белсенді түрде атсалысуда. Бір эфирде тек Whatsapp мессенджері арқылы 4 мыңнан аса сұрақ түсіп, бір сағатта мыңнан астам қоңырау шалынды», - деді Л. Танысбай.

Сонымен бірге, медиа менеджер ретінде ұйым басшысы «Niet» жобасының ерекше маңызды екенін жеткізді.

«Байқасаңыздар, біздің қоғамда көмекке мұқтаж адам көп, сонымен қоса, көмектескісі келетіндер де жеткілікті. Тек жолдарын біле бермейді. Міне, сондай адамдарды біріктіретін «Niet» әлеуметтік жобасын ашудағы мақсатымыз – сапалы телевизиялық шоу жасау ғана емес, кез келген қиын жағдайдан бірлесе шығуға мүмкіндік бар екенін көрсету. 9 қыркүйектен бастап эфирге жол тартқан жобаның кешегі хабарында студиямызда көпбалалы бір отбасы баспаналы болды. Біз ақша жинамаймыз, студияға келген адамға бағдарламаны көріп отырған әрбір қазақстандық көмек көрсете алады», - деді спикер.

TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректері бойынша, «Qazaqstan» ұлттық арнасының рейтингтік көрсеткіштері көктеммен салыстырғанда 121 пайызға өскен.

«Бұл – бүкіл ұжымның жаз бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Қара шаңырақтағы сабақтастықты сақтау - біздің парызымыз. Бұл маусымда 14 жаңа жобаның тұсауын кессек, көрерменнің жоғары бағасына ие болған 10 бағдарлама жалғасын табады. «Tañsholpan», «Dara jol», «Mа́sele», «Parasat maidany» сияқты бағдарламаларды да қайта ұсынып отырмыз. Саламыздың басшысы министр мырза алдымызға үлкен талап қойып отыр. Қазақы рухани құндылықтарды сақтай отырып, нарықтық нәтижелерге, бәсекелестікке көңіл бөлуіміз керек», - деді Ләззат Танысбай.

Айта кетейік, күзгі жаңа маусымда «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан 14 жаңа жоба эфирге шығады. Осыған дейін көрермен ықыласына бөленіп үлгерген 10 бағдарлама жаңаша форматта қайта ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар