QazaqGeography 5 жылда 60-қа жуық жоба әзірледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 17 қараша күні ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - QazaqGeography төрағасы Асқар Маминнің төрағалық етуімен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған QazaqGeography қамқоршылық және басқарушы кеңестерінің мүшелері, Қазақстанның барлық өңірлерінен келген өкілдері қатысты.

Шара QazaqGeography бірлестігінің жаңа кеңсесінен басталды. 1968 жылы салынған ғимарат қысқа мерзімде күрделі жөнделіп, музейі, электронды кітапханасы, медиа орталығы да бар заманауи кеңсеге айналған.

QazaqGeography төрағасы А.Мамин ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, түрлі сала мамандары және жастардың, жалпы, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына жанашыр жандардың басын қосып отырған осы ұйым қызметінің маңыздылығын атап көрсетті.

nullОның айтуынша, «QazaqGeography ғылым және мәдениет орталығы бола отырып, еліміздің мәдени кодын сақтауға үлес қосады. Оның маңызын Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында ашып көрсеткен болатын.

QazaqGeography басқарма төрағасы Жана Рүстем бірлестіктің есепті кезеңдегі қызметін қорытындылай отырып, соңғы 5 жылда 60-қа жуық жоба іске асырылғанын, 10 экспедиция ұйымдастырылып, 13 кітап жарық көргенін жеткізді. 2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп отырған «Хан қорық» жастар фестивалі халықаралық мәртебеге ие болып отыр.

nullОның айтуынша, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастық аясында QazaqGeography «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасына қатысып, Ұлытауға, Шоқан Уәлихановтың ізімен Қашқарияға, Торғай геоглифтеріне, Арал теңізіне экспедиция ұйымдастырған. Жыл сайын еліміздің қасиетті мекендеріне «Киелі Қазақстан» экспедициясы ұйымдастырылады.

Съезд жұмысын қорытындылай отырып, А. Мамин «Табиғат», «Адамдар», «Қалалар», «Астана» тақырыптары бойынша «Менің Қазақстаным» фотобайқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Соңғы жаңалықтар