Qazaq TV телеарнасы «Тұмар» жүлдесін жеңіп алды
2022 жылғы 28 маусым 20:27

Qazaq TV телеарнасы «Тұмар» жүлдесін жеңіп алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Телерадиокешені құрамындағы «Qazaq TV» телеарнасы «Тұмар» ұлттық телевизиялық жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Qazaq TV» телеарнасы әзірлеген тұрмыстық қорлық-зомбылыққа қарсы «Жена» жобасы «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясында жеңімпаз атанды. Оны танымал режиссер Қанат Бейсекеев түсірген.

«Қанат, бұл сенің сыйлығың. Ол қазір түсірілімде жүр, сондықтан бүгін келе алмады. Бірақ ол баршаңызға сәлем жолдады және кәсіби мерекемен құттықтады. Әріптестерімді құттықтағым келеді және жұмыстарыңыздан ләззат алуды тілеймін. Қазір осы сахнада жас қызыммен бірге қоғамымызда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жойылуын тілегіміз келеді», - деді «Qazaq TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева.

Айта кетейік, елордада «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Телевизиялық шеберлік үшін берілетін «Тұмар-2022» ұлттық сыйлығында 10 номинация бар. Биыл сыйлық алуға 300-ге жуық өтінім келіп түскен, ең көп өтінім «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық бағдарлама», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік тележурналист», «Үздік тележүргізуші» номинациялары бойынша қабылданған.

«Тұмар» жүлдесін марапаттау кешінде «Балалар жылына» ерекше мән берілді. Кешті балалар жүргізді және барлық жеңімпаздар балалармен бірге сахнаға шықты.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған. Сыйлық жеңімпаздары қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Тұмар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT