Qabilet жобасы: ШҚО-да дарынды балалар іріктеуден өтеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Qabilet жобасы аясында дарынды оқушылар іріктеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дарынды балаларды анықтау мақсатындағы «Ел Үміті» жалпыұлттық бастамасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Соның аясында биылғы қазан айынан бастап ел аумағында Qabilet жобасы іске қосылды.

«Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қоры, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры мен Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруда. Мұндағы мақсат – оқушылардың қабілеті мен кәсіби бағдарлануын диагностикалаудың ұлттық жүйесін құру, дарынды балалардың жеке әлеуетін іске асыру үшін оларды сүйемелдеу және қолдау. Бірінші кезеңде жобаға 10-11 жастағы оқушылар қатыса алады. Келесі кезеңдерде жасөспірімдер қамтылады», - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Диагностика әдістемесі Елбасы академиясы және психологиялық диагностика саласындағы сарапшылармен бірлесе отырып әзірленген. Оқушылардың қабілетін бағалау бойынша тест өткізіледі. Соның қорытындысы бойынша қатысушының қабілеттілік нәтижелері айқындалады.

«Әрі қарай қатысушы өз қалауы бойынша маманның кәсіби кеңесіне жазыла алады. Ол тестілеу нәтижелерін дұрыс талдауға көмектеседі және қабілеттерін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар береді. Қызмет кез келген оқушыға қолжетімді болу үшін тегін ұсынылып, сайтқа кез келген құрылғылармен кіруге болады. Тестілеуден өту үшін qabilet.elbasyacademy.kz сайтына тіркелу қажет», – деді Сайрангүл Жұмаділова.


Соңғы жаңалықтар