Путин жанкүйерлерді футболдан әлем чемпионатының басталуымен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Владимир Путин теңбіл доп жанкүйерлерін төрт жылда бір рет келетін футболдан әлем чемпионатының ресми басталуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Мәскеудің «Лужники» алаңында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамасы арасындағы алғашқы ойын басталар алдында сөз сөйлеген Ресей Президенті Владимир Путин стадиондағы, көгілдір экран мен интернет арқылы тартысты доданы тамашаламақ болып отырған көрерменді ғаламшардың ең басты турнирінің басталуымен құттықтады.

«Осынау ауқымды спорттық шара Ресейде алғаш рет өтіп жатыр. Біз бұған шынайы қуаныштымыз. Біздің елімізде футбол тек қана жаппай бұқаралық ойын емес. Футболды шын мәнінде жақсы көреді және бір көргеннен-ақ басталған бұл сүйіспеншілік 1897 жылы бірінші рет Ресейде өткен ресми матчта орын алды. Біз өзі жерімізде осынау ауқымды шараны өткізуге барынша тыңғылықты дайындалдық. Жанкүйерлер, спортшылар, мамандар футболдың шамаша мерекесіне толықтай шомылуы үшін барлық жағдай жасадық», - деді Владимир Путин.

Ресей Президентінен кейін FIFA президенті Джанни Инфантино сөз сөйлеп, ағылшын, орыс және араб тілдерінде барлық жанкүйерді құттықтады. Осыдан кейін Ресей мен Сауд Арабиясының мемлекеттік әнұраны орындалып, командалар арасындағы ойын басталды.

Айта кетейік, небәрі 15 минуттай уақытқа созылған ашылу салтанатын  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және өзге де бірнеше мемлекеттің басшылары тамашалады.  Әлем чемпионатының ашылу салтанатында танымал әнші Робби Уильямс пен ресейлік Аида Гарифуллина  ән орындап, алғашқы топты тебу мәртебесі бразилиялық даңқты футболшы Роналдоға бұйырды.

Әлемдік кіл мықты командалардың кездесуі 14 маусым - 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласында өтеді, атап айтқанда, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Сочи, Волгоград, Екатеринбург, Калининград, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Самара және Саранск. Чемпионатқа әлемнің 32 үздік ұлттық құрамалары қатысады.

Естеріңізге сала кетсек, Ресей өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандықтар FIFA- 2018 ойындарының ашылу салтанатынан бөлек, чемпионаттың Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы (астана уақытымен 21.00) алғашқы матчын да «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей көре алады.

Әлемдік дода аясында өтетін 60-тан астам матчты «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары түгелдей тікелей эфирден көрсететін болады. Айта кетерлігі, футболдан Әлем чемпионатының 1/8 финалы 30 маусым күні, ал қазақстандықтар Астана күнін тойлап жататын 6 шілде күні - ширек финал басталады. Жартылай финал 10-шы және 11-ші шілде күндері, финал 15 шілде күні болады.

Фото: detonators.ru

Соңғы жаңалықтар