Путин, Мирзиёев, Испания королі, Монако князі және тағы басқалар Елбасыны құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына Елорда күні мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай көптеген хаттар келіп түсуде, деп хабарлайды elbasy.kz.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Елбасына арнайы бейнеқұттықтау жолдады.

«Мен біздің көпжылдық достығымызды қадірлеймін және мақтан тұтамын. Алғашқы кездесуімізден бастап арамызда ашықтығымен және кез келген күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге дайын болуымызбен ерекшеленетін шынайы жолдастық қарым-қатынас орнады. Сіздің даналығыңыз бен көрегендігіңізді, зор жауапкершілігіңіз бен салмақтылығыңызды, өмірлік және басқару тәжірибеңізді барша жұрт мойындады. Сіз өз еліңізде және Ресейде, сондай-ақ бүкіл әлемде көрнекті мемлекет қайраткері және нағыз көшбасшы ретінде жоғары беделге ие болдыңыз. Осы жылдардың ішінде Сіз ұлттық келісімді, тарихи, мәдени дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақстанның тұрақты дамуына, болашаққа нық сеніммен қадам басуына зор еңбек сіңірдіңіз», - деді Владимир Путин.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өз хатында Мемлекет басшысы ретіндегі ұзақ мерзімді және жемісті қызметі барысында Елбасы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да зор құрмет пен беделге ие болғанын атап өтті.

«Сіз ең күрделі тарихи кезеңде елді тиімді басқардыңыз, Қазақстанның жаңа тарихы мен тағдыры Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Зор күш-жігеріңіздің, парасатты және көреген басшылығыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы өзінің үлкен экономикалық және зияткерлік әлеуетін тиімді пайдаланып, бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналды», - делінген жеделхатта.

Испания Королі Фелипе жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге Испанияға деген ерекше көңіліңіз бен біздің елдеріміздің арасындағы берік қатынастарға қол жеткізуге қосқан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ Сізге зор құрметімді білдіремін», - делінген Испания Королінің құттықтауында.

Монако князі II Альбер Елбасын мерейтойымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жоғары саяси беделі алдағы уақытта да елдің тұрақты дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.

Чехия Республикасының Президенті Милош Земан өзінің жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы сіңірген еңбегін атап өтті.

«30 жылдың ішінде Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан көптеген жетістікке қол жеткізді. Біздің елдеріміздің арасында ұзақ уақыттан бері достық қарым-қатынастың жалғасып, көптеген салалардағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдасын тигізе отырып, дамып жатқандығына өте қуаныштымын», - делінген Милош Земанның жеделхатында.

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани өз жеделхатында Елбасының екіжақты қатынастарды дамытуға және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Израиль Мемлекетінің Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Елбасын мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

«Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан Республикасы көпсалалы экономикасы бар заманауи, жарқын елге айналды. Бұл шын мәнісінде Орталық Азия және одан тыс жерлер үшін өте маңызды фактор. Мен Сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық пен бақ-береке тілеймін», - делінген жеделхатта.


Соңғы жаңалықтар