Путин Грузиямен арада әуе қатынасы арқылы жолаушылар тасымалдауға тыйым салды

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - РФ Президенті Владимир Путин жұма күні Грузияға жолаушы тасымалдайтын әуе қатынасына тыйым салатын Жарлыққа қол қойды. Тыйым 8 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Кремль баспасөз қызметіне сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлады.

«2019 жылдың 8 шілдесінен бастап ресейлік әуе компанияларының азаматтарды Ресей Федерациясының аумағынан Грузия аумағына тасымалдауына (соның ішінде коммерциялық) уақытша тыйым салынады», - делінген құжатта.

Жарлық мәтінінде туристік агенттіктер мен туроператорларына тыйым күшінде тұрған уақытта азаматтарға туристік өнімдерді сатпауға кеңес берілген.

Путин РФ үкіметіне уақытша Грузияда жүрген ресейлік азаматтардың Отанына қайту шараларын қарастыруды тапсырды.

Құжатта айтылғандай, Жарлыққа «Ресей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігін, Ресей Федерациясы азаматтарын қылмыстық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау мақсатында» қол қойылған.

Айта кетейік бейсенбі, 20 маусым күні Ресей делегациясы Православие парламентаралық Бас ассамблеясына қатысқан болатын. Делегацияны басқарушы және АСМ басшысы РФ мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың сессия кезінде Грузия парламенті спикерінің креслосына отырып, жиналғандарға орыс тілінде сөйлегені оппозицияның наразылығын тудырды. Грузияның оппозициялық депутаттары мұны қорлау деп бағалап наразылықтарын білдіріп, Бас ассамблеяның жұмысын тоқтатты. Наразылық білдірушілер Парламент ғимаратына шабуылдады.

Соңғы жаңалықтар