Пульсоксиметр не үшін маңызды, оны қалай қолдану керек – Дәрігер кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәрігер-инфекционист, Қарағанды медицина университетінің проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Көшерова қандағы оттегі мөлшері мен жүрек соғысы жиілігін анықтайтын пульсоксиметрді қолдану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID-19 жұқтырған науқастардың 80 пайызында ауруханада емделу қажеттілігі болмайды. Алайда науқаста COVID-19 ауыр формада өту факторлары байқалса, дәрігер оның жағдайын бақылауда ұстау үшін пульсоксиметрді қолдануды ұсынуы мүмкін. Мұндай қауіпті фактор ретінде 60-тан асқан жасты немесе созылмалы ауруларды айтуға болады», - деді Бақыт Көшерова.

Пульсоксиметр – аурудың ауыр ағымы белгілерін дер кезінде анықтап, науқасқа мүмкіндігінше ертерек көмек көрсету үшін қандағы оттегінің концентрациясын анықтауға көмектесетін құрылғы.

«Ең алдымен, пульсоксиметр тағатын саусақ тырнағында лак немесе жасанды тырнақ жоқ екеніне және қолыңыздың жылы екеніне көз жеткізіңіз. Ең алдымен, пульсоксиметрді қолданар алдында және одан кейін қолыңызды сабындап жуыңыз. Екінші – пульсоксиметрді қосып, оны видеода көрсетілгендей ортаңғы немесе бас бармаққа тағыңыз. Көрсеткіштерін есептеу үшін пульсоксиметрді ең кемі бір минут ұстау қажет. Соңғы екі цифр жүрегіңіздің соғу жиілігін өлшейді. Алдыңғы екі цифр – қандағы оттегінің мөлшерін көрсетеді және ол SpO2 деп белгіленеді», - деп түсіндірді дәрігер.

Пульсоксиметр көрсеткіштерін күніне 2 рет бірдей уақытта жазып отыру қажет. Көптеген адамдарда сатурацияның қалыпты көрсеткіші 95 пайыз және одан да жоғары болуы қажет.

«Егер көрсеткішіңіз 94-91 пайызға дейін төмендесе, мүмкіндігінше тезірек дәрігерге хабарласып, кеңесіне жүгініңіз. Ал егер 90 пайызға немесе одан төмен түссе, жедел жәрдем шақырыңыз немесе дәрігеріңізге қоңырау шалыңыз. Сонымен бірге, кеуденің қатты ауырсынуы байқалса, тыныс алудың қиындаса немесе ентігу пайда болса, жүрек соғысы жиілеп, қатты бас айналса медициналық көмекке жүгіну қажет», - дейді Б. Көшерова.


Соңғы жаңалықтар