ПТР тестілеуден босату, үй карантинін алып тастау: Қазақстанда шектеу шаралары жеңілдеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елдегі шектеу шараларының қалай жеңілдегенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағжайға қарай отырып, елдегі шектеу шаралары жеңілдетілді. Оның ішінде бизнес туралы және халық туралы шараларды ерекше айтуға болады. Бизнеске қатысты шараларға келсек, жасыл және сары аймақта ASHYQ жүйесінде жасыл және көк мәртебесі бар адамдарға бизнес нысандарына кіруге рұқсат етілді. Ал қызыл аймақта – бизнес нысандарының толуын 70 пайызға дейін шектеу салынады, дегенмен балалардың ойын-сауық орталықтарында бұл шектеу алынып тасталды», - деді Айжан Есмағамбетова ҚР ДСМ ұйымдастырған онлайн дәрісте.

Сонымен бірге, бас мемлекеттік санитар дәрігер ел тұрғындары үшін қандай жеңілдіктер енгізілгенін түсіндірді.

«Ревакцинадан өткен немесе вакцинаның толық курсын алғанына 6 ай аспаса, елге келетін ҚР азаматтары ПТР тестілеу тапсырудан босатылады. Тағы да айта кетерлігі, коронавирус науқасымен жақын қарым-қатынаста болған адамдардан КВИ ауыр белгілері анықталмаса, оларға үй карантині мен оқшаулау алынып тасталды», - деді А. Есмағамбетова.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Стационарда ем алатын науқастар саны - екі есе, амбулаториялық жағдайда ем алатындар – 4 есе азайған.


Соңғы жаңалықтар