Психологпен сұхбат: Балаға қол көтерген педагогтың өзі қоғамның құрбаны

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы кездері қоғамда балабақшадағы сәбиді соққыға жығу, мектептегі оқушыға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары жиілеп кетті. Мазаны қашырғаны үшін, тәртіпке бағынбағаны үшін қорғансыз балаға қол көтеру қаншалықты дұрыс? Баланы зәбірлеген залымның өзі зомбылықтың құрбаны ма? Бұл зұлымдықты түбегейлі жою үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты ҚазАқпарат тілшісі белгілі психолог Зубайда Кененбаевамен бірге іздеп көрген еді.

Зубайда ханым, сырттағы баланың кімнен қысым көріп жүргенін қалай анықтауға болады? Баладан бұл туралы тікелей сұрауға бола ма?

- Балаға еш уақытта тіке сұрақ қоюға болмайды. Біріншіден, бала шошып қалуы мүмкін. Екіншіден, сұрақ қойған адамға (ата, апа, әке шеше,) ұнау үшін қиялынан құрастырып айтуы ғажап емес. Кішкентай балалар үйшік, балабақша ойындарын ойнайды. Оның ойын барысындағы әрекетінен балабақшада не болып жатқанын, тәрбиеші мен күтушінің қылығын жазбай тануға болады. Алайда, баланың үстінен төніп, табандап отырып жауап алмай, сыртынан бақылап қана түсіну керек.

Бұдан бөлек, басқа қандай жағдайларға назар аудару керек?

- Балабақшаға үйреніп қалды-ау деген уақытта бала әртүрлі мінез таныта бастауы мүмкін. Аяқ асты барғысы келмей, жылап қалып жатады. Бірақ бұған біржақты қарауға болмайды. Кейде бала әке-шешесін сағынғаннан, қасында болғысы келгеннен сөйтеді. Екінші жағынан, балабақшада тәрбиеші немесе күтуші қысым көрсеткеннен солай істеуі мүмкін. Мұнда өзі қатарлы балалардың да әсері болуы ықтимал. Ауысыммен жұмыс істейтін тәрбиешілердің бірін жақын тартып, екіншісінен қаймығатын жағдайлар болады.  

Баланың ортаға бейімделу қабілеті қай жастан басталады?

- Балдырғанды балабақшаға 2-ден асқанда немесе 3 жасында берген жақсы. Әр баланың дамуы әртүрлі болғандықтан, нақты уақыты айтылмайды. 3 жаста балада қоғамға бейімделу басталады. Оған орта керек, бұл жас өз қатарымен құлын тайдай тебісіп өсетін шағы. Психикасы жетіліп,  үй баласынан әжептәуір айырмашылығы байқалып тұрады.

Бірақ амалсыздан ертерек беретіндер бар ғой?

- Қандай жағдай болғанның өзінде баланы  асықпай, алдын ала балабақшаға бейімдеу керек. Бала міндетті түрде адаптациядан өтуі тиіс. Бастапқыда екі үш сағатқа қалдырып кетуге болады. Бала «мені анам тастап кетті» деген ойда қалмауы керек. Әйтпесе енді қайтып ортаға сіңісе алмайды. Көзін ала бере анасын жоғалтып алардай  үнемі бойын үрей билеп тұрады.

Баланы күшпен тәртіпке шақыратын тәрбиешілер мен мұғалімдер туралы не айта аласыз?

- Балаға қол тұрмақ, дауыс көтеруге ешкімнің құқығы жоқ. Тіпті әке-шешенің де. Бұл адамға зорлық-зомбылық көрсету, моральдық зиян келтіру болып табылады. Бейсанада психологиялық мәселелер қалыптасқаннан кейін оны жөндеу қиын. Оның салдары қазір білінбесе де, уақыт өткен соң алдынан шығады. Балаға түсіндіру керек. Егер ол айтқанды істемесе, ренжіген кейіп танытып, қатаң түрде айтқаныңыздың өзі жетіп жатыр.

Жалпы бала тәрбиесіне үйдегі әке-шеше де жауапты. Педагогтар ата-анамен байланыс жасай отырып, әуелі тәрбиені қолға алуы керек. Екіншіден, қандай бұзық бала болмасын, қандай да бір дүниемен оның қызығушылығын оятса -  басылады. Мәселен, балаңызды үй жинауға үйреткелі жүрсіз. Балаға тапсырма беріп қойып, қарап отырсаңыз, ол сізді тыңдамайды. Ал егер бірге жинасып, «саған көмектесейін» десе бала алып кетеді. Ең дұрысы - күш көрсетпей-ақ жігерлендіру.

Балабақшадағы бүгінгі күнгі жүйеге көңіліңіз тола ма?

- Меніңше, ондағы балалар саны аз болуы керек. Бір тәрбиешінің физикалық күші 15-18 баланы қадағалауға жетеді. Одан көбіне әрі кетсе 3-4 күн шыдар, одан кейін эмоциясын ұстай алмай қалуы мүмкін.  Сондай-ақ тәрбиеші өз ісін сүйгені дұрыс.

Қазір мемлекет  педагогика, мектепке дейінгі білім беру мамандықтарына білім грантын аямай бөлуде. Кейбірі мұндай мүмкіндікті жібергісі келмегендіктен, әйтеуір тегін оқуды бітіріп шығу үшін барады. Соңында жұмысына аңсары аумайтын, ниеті бұзық мамандарды дайындап шығарамыз.

Педагогикалық қызметке сабырлы, психикалық дені сау адамды алу керек. Адамға мұндай анықтаманы тек психолог мамандар бере алады.

Соңғы жаңалықтардан хабардар шығарсыз. Жантүршігерлік оқиғалардың бірі Павлодар, екіншісі Қарағанды балабақшасында болды. Осыған қатысты ойыңызды айтсаңыз.

- Балабақшада, мектепте жұмыс істейтіндердің дені әйелдер. Өкінішке қарай, әйелді төмен санаттағы адам қатарына жатқызатын отбасылар бар. Әйел күйеуінен соққы жеп, енесінен ұрыс естісе де үндемеуі керек. Ұдайы құрбандық рөлінде жүреді. Жүйкелері тозған ондай әйелдер өшін кімнен алады? Әрине, баладан. Бұл - дұрыс емес. Бірақ ол мұны  түсінбей, бейсаналы түрде істейді.  Өз-өзін тоқтата алмай, төзімінің тізгінін босатып жібереді.

Қарағандыдағы оқиғаға келсек, бала үшін ең қорқынышты, ең жек көретін іс - ұйықтау. Егер қасында болып, 2-3 минут бауырына басып, әлдилесе - ұйықтап қалады. Басқа не айтуға болады?

Ал павлодарлық тәрбиеші-ананың ісінен әлгінде айтқан құрбандықтың мінез-құлқы байқалады. Оның отбасында гармония бар деп айта алмаймын. Және сол балабақшаның басшыларына менің сұрағым бар «неге бала өз анасының тобында болуы керек?». Қасында жүргеннен кейін шешесі баласына көп алаңдайды. Басқа балалардан өз баласын бір саты жоғары санайды. Тиісінше, қалғандарында «неге менің анам жанымда жоқ, неге ол анасымен бірге?» деген ой туындайды, комплекс пайда болады.

Тағы бір мәселе, тәрбиешінің ұлында шектен  шығушылық қалыптасқан. Себебі тоқтау  жоқ, бәріне рұқсат...

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Соңғы жаңалықтар